Сауд Арабиясы мұнай нарығын құлдыратып жіберді

Сауд Арабиясы мұнай нарығын құлдыратып жіберді
Көрнекі сурет vestifinance.ru сайтынан алынды.

Алматы. 3 мамыр. 7kun.kz — Мұнай нарығы тағы да кері кетті. Осы уақытқа дейін қара алтынның бағасын көтеруге бағытталған барлық әрекет сәтсіз болды. Бұл жолы vestifinance.ru Сауд Арабияның Saudi Aramco атты ұлттық мұнай компаниясы үшінші ай қатарынан жеңілдіктер көлемін арттырғаны туралы хабарлады.

Танымал Arab Light маркасының бағасы азиялық нарықта соңғы 9 айдағы максималды шегеріспен беріледі. Ал Extra Light пен Super Light атты аса жеңіл сорттар маусым айында одан да арзанға, яғни бенчмаркке (инвестицияның тиімділігін салыстыратын кіріс көрсеткіші) қатысты 60-70 цент жеңілдікпен сатылады.

Сарапшылар саудиялықтардың басқа амалы жоқ дейді, себебі Иран мен Ирак секілді мемлекеттер Азия нарығына жеткізілетін мұнай көлемін күннен-күнге арттырып отыр. Енді Сауд Арабиясы да экспортқа шығарылатын мұнай көлемін арттырмақ.

Осыған орай келер жылы Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Муаджиз порты жаңартылатын болады. Модернизациялау аяқталғаннан кейін бұл мемлекет күніне 15 млн баррельге дейін мұнай экспорттай алады. Бұл қазіргімен салыстырғанда екі есе көп.

Saudi Aramco жеңілдіктер туралы ақпарат таратқаннан кейін, Brent мұнайының бағасы бірден 51 доллардан төмендеді. Бір сәтте мұнай бөшкесінің бағасы 50 долларға дейін түсіп кетті. Жағдайды Американың мұнай институты (API) таратқан мұнай қоры туралы статистика сақтап қалды.

Штаттағы мұнайдың коммерциялық қоры бірден 4,1 млн баррельге түсті. Сонымен бірге, Кушиндегі мұнай қоры да аз да болса төмендеді, яғни 215 мың баррельге. Бірақ ең бастысы жанармай қоры 2 млн баррельге дейін азайды.

Осы аралықта нарыққа жағымды хабарлар да келіп жетті. ОПЕК елдері сәуірде мұнай өндірісінің көлемін азайтып, келісімшарттың талаптарын орындай алған. Бұл ақпарат Bloomberg-тің зерттеулерінен белгілі болды. Қазіргі таңда жалпы өнім көлемі тәулігіне 31,895 млн баррельді құрайды. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 41 мың баррельге аз.

Естеріңізге салсақ, мамырда мұнайды экспорттаушы елдердің кезекті кездесуі болады. Әзірге олар мақсат еткен көрсеткішке жете қойған жоқ: әлемде әлі де артық қорлар жеткілікті. Сарапшылар, мұнай өндіруші елдер келісімді жылдың соңына дейін созуы мүмкін деген болжам айтады. Болмаса, мұнай бағасы одан әрі құлдырай бермек.