Бозымбаев: Баррелі 50 доллардан төмен мұнай Қазақстан үшін тиімсіз

баррелі
Фото: ratel.kz

Астана. 5 мамыр. 7kun.kz — ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баррелі 50 доллардан төмен мұнай Қазақстан үшін тиімсіз екенін айтты. Ол қазігі уақыттағы Қазақстан үшін мұнайдың қолайлы бағасын атады. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

«Барлық мұнай өндіруші елдермен трендте болғымыз келеді. Біз үшін 50 доллардан төмендемегені маңызды. Бюджет Brent маркасының 50 доллар құнымен белгіленді,. Сондықтан мұнай өндіруді ұстап тұру бойынша аталған келісімді ұзарту мүмкіндігі тұрғысында жиындар жүргізетін боламыз»,-деді Бозымбаев.

Айта кетейік, бүгін таңертең 1 баррель мұнайдың құны 48,5 доллар болды. Осы орайда ол Қазақстан ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін тағы 6 айға шектеу ұсынысын талқылап жатқанын айтты.

«Бұл мәселені талқылаймыз. Бірақ олардың келісіміне қандай шартпен қосылатындығымыз, қандай көлемді шектейтіндігіміз белгісіз. Осы мәселені талқылау үшін министрліктен мен немесе менің орынбасарларым 24-25 мамырда Венаға барады», — деді Бозымбаев.

Биылғы наурыз айында ҚР Энергетика министрі тақтатас мұнайын өндіру көлемінің артуы экспорттаушыларға тиімсіз екенін атап өткен болатын. Егер де мұнай құны барреліне 60 доллардан асса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі елеулі көлемде артуы ықтимал.