«7-20-25» бағдарламасы арқылы 42 мыңнан астам отбасы үйлі болды

Алматы. 18 сәуір. 7kun.kz — «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы ең көп үй алғандар –  Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары (212,2 млрд теңге сомасына 14 232 кредит). Бұл туралы Қазақстанның орнықтылық қоры хабарлады.

Аталған ипотекалық бағдарлама белгіленген лимит – 1 триллион теңгеге жеткенге дейін жұмыс істемек.

Бүгінгі таңда жоспарланған 1 триллион теңгенің 534 миллиард теңгесі берілді. Демек, «7-20-25» бағдарламасының әлі 466 миллиард теңге резерві бар.

«7-20-25» бағдарламасы бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйді сатып алуға ғана несие береді. Ең көп ипотекалық қарыз Нұр-Сұлтан қаласында берілді. 212,2 млрд теңге сомасына 14 232 кредит. Алматыда – 127,5 млрд теңге сомасына 8 912 кредит, Шымкентте – 33 млрд теңге сомасына 2 843 кредит берілді.

Айта кетейік, ипотекалық бағдарламаның талаптарында баға лимиті белгіленген. Сатып алынатын тұрғын үйдің бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңы аймақтарын қоса алғанда), Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеден, Қарағанды қаласында 20 млн теңгеден және қалған өңірлерде 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

«7-20-25» бағдарламасы халықтың барлық санаттарына арналған. Атында тұрғын үйі жоқ, басқа ипотекалық несиелері жоқ, еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен ресми түрде расталған кірісі бар елдің кез келген азаматы ипотека ала алады.