Ақтөбеде Сарқұловтар әулетінің төрт баласы мен немересі банкке кепілге қойылған жалғыз баспанадан айырылды. Олар қазір пәтер іздеп жүр. Ақтөбе қаласында тұратын Сарқұловтар әулетінің төрт баласы екі жылдан бері бір-бірін сүйеп жүр. 2015 жылы анасы Гүлмира Сақтағанова қаза болды, ал әкесі Мырзағали Сарқұлов төрт ұлдан бас тартып, басқа әйелге кетіп қалды.

Отбасының үлкені Абай Жұмабаев әскерден орала сала жұмысқа кірісті, күнделікті табысымен інілерін асырады. Қазір олардың әр күні сотта өтіп жатыр.

«2007 жылы ата-анам Темірбанктен 2 миллион 500 мың теңге несие алды. 2010 жылы несиенің қиындығына шыдамаған ата-анам ажырасып кетті. Бұл несиені алған кезде баспанамыз кепілге қойылған екен. Біз үшін несие төлеу өте қиын болды. Тамақ, киім-кешекке ақша жетпеген соң 9-сынып бітіріп, Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжіне түскен мен оқуды тоқтатып, кез келген жұмысқа келісім бердім. Жұмыс істедім, табыс таптым. 18 толған соң әскер қатарына шақырылып, 2013 жылы Қарағанды қаласына кеттім. Отан алдындағы борышымды өтеп, үйге оралуға 2 ай қалғанда анамның қаза болғаны туралы хабар алдым. 2014 жылы дереу үйге оралып, кейін қайта Қарағандыға кеттім. Сол аралықта анамыздың 100 күндік садақасынан соң әкеміз үйден кетіп, қайта оралмады», — деді Абай Жұмабаев.

2014 жылы анасынан айырылған Сарқұловтар әулетінің төрт баласы өз-өздеріне ғана сенді. Отбасының үлкені Абай Жұмабаев пен Әділхан Сарқұлов кәмелет жасқа толып, Әлішер мен Мерген Сарқұловтар мектепте білім алды.

«Несие Темірбанктен, Форте банкке ауысып, 2015 жылдан бері төленген жоқ. Банк өкілі бізге келіп, «үйді өзіңізге аударып алыңыз, анаңыздың мұрагерісіз» деп айтты. Табыс болмады, төртеуміз аш қалдық. Екі жыл бойы келіп, биыл бізді сотқа берді. Алғашында үйдің құжатын рәсімдеп, төлем қабілетім жетсе баспананы сақтап қалуды ойладым. Бірақ әлі біз 3 миллион 700 мың теңгеден астам ақша бережақ екенбіз. Екі бөлмелі пәтер апатты жағдайда тұр. Оны сақтап қалу біз үшін тиімсіз болған соң біз бас тартып отырмыз»,- деді Абай Жұмабаев.

Ағайынды төрт бала алдымен әлеуметтік желі арқылы әкімдікке хат жазып, көмек сұрады. Тілшілерге хабар беріп, қарапайым адамдардан көмек алды. Қорғаушының көмегімен Форте банк қойған талап орындалмады. Сот шешімімен екі бөлмелі барак типтес үй банкте қалып, қарыз кепілге қойылған мүлікпен жабылуы тиіс.

«Біз мүліктен бас тартпасақ банк 2 миллион 400 мың теңгені 20 жылға есептеп береді. Біз сол кезде ай сайын 30 мың теңге төлеуіміз керек. Баспанамыздың жағдайы нашар болған соң тәуелкелге бармай, бас тарттық. Енді пәтер іздейміз», — деді А.Жұмабаев.

Үйдің ортаншысы Әлішер Сарқұлов үйленіп, балалы болған. Баласы — 4 айлық.  Бар болғаны 54 шаршы метр болатын екі бөлмелі үйде тұрып жатқан жетім балалар бір-бірін сүйеп, көмектесіп жүр. Әділхан Сарқұлов ауыр жұмысқа жарамсыз. Ал үйдің кішкентайы 8 сыныпты бітірді.

«Қарапайым адамдар азық-түлік тасып, банктегі есепшотыма ақша аударып жатыр. Көмекті мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан да сұрадым. Өңір басшысы қабылдап, құқықтық кеңес берді. Кейін қайта хабарласуым қажет деп ескертті. Тағы бір айта кететін жайт, анамыз қайтыс болған соң кәмелет жасқа толмаған балаға жәрдемақы тиесілі екен. Екі жыл бойы әкеміз екі баланың ақшасын алып, өзі жұмсап келген. Біз өзімізге ақша тиесілі екенін білмей, жүре бердік. Ақтөбе қалалық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық бөліміне арыз беріп, жәрдемақыны беруді уақытша тоқтатуын сұрадым. Ол әкеме емес, бізге тиесілі. Ініміз Мергеннің тағдыры алаңдатады. Ол балалар үйіне де кетіп қалуы мүмкін екен. Себебі, менің баспанам жоқ, отбасы құрмадым. Бір жолы бар. Отбасы құрған ініміз Әлішерге құжат рәсімдеуі мүмкін. Сол жолды қарастырып жатырмыз»,- деді Абай Жұмабаев.

Сарқұловтар отбасының төрт баласы жетімдер санатымен пәтер кезегіне де тұра алмай отыр. Себебі, олардың әкесі тірі, ол заңды түрде балаларынан бас тартпаған. Айта кетейік, Абай Жұмабаев ауыл шаруашылығы колледжін, Әділхан Сарқұлов көлік және коммуникация колледжіне оқуға түскенімен, қолдарына диплом ала алмады. Ал Әлішер Сарқұлов №7 лицейде білім алды. Бұл балалар оқуды қайта жалғастырып, кәсіби маман болуды армандайды. Сарқұловтардың қорғаушысы Венера Топаева сотты өз пайдасына шешкенімен екі жыл бойы балаларына көмектеспеген әкені ата-ана құқығынан айыра алмай отыр.

«Мырзағали Сарқұлов ресми құжат қалдырмаған. Ол ауызша айтады, бірақ балалардан бас тарту туралы арыз жазбай жүр. Шын мәнінде ол балаларға қарамайды, көмектеспейді. Біздің ойымыз — бас тарту құжатын алып, пәтер кезегін тұру. Мырзағали Сарқұлов екі жыл бойы балаларға тиесілі жәрдемақыны да алып келді. Есептей келе 400 мың теңгеге жеткенін білдік»,- деді қорғаушы. Қазір бұл оқиға жергілікті биліктің бақылауына алынды.

Дереккөз: Қазақпарат