Qazaq Air халықаралық әуе рейстерін ашады

Qazaq Air ұлттық әуе тасымалдаушысы
Фото: uralskweek.kz

Алматы. 30 маусым. 7kun.kz — Қазірге дейін тек ішкі рейстерде қызмет көрсеткен Qazaq Air әуекомпаниясы 2017 жылдың 7 шілдесінен бастап алғаш рет халықаралық рейсті жүзеге асырады.

Бұл туралы Qazaq Air басқарма төрағасы Блэр Поллок мәлімдеді. Енді жолаушылар аптасына екі рет Қырғызстандағы «Тамшы» әуежайына дейін ұшуға мүмкіндік алады. Ол ТМД-дағы ең танымал курорттық аймақтардың бірі саналатын Ыстықкөл маңында орналасқан.

Айта кететін жайт, Qazaq Air заң бойынша халықаралық тасымалдау нарығына 2018 жылдан ерте шыға алмайтын еді. Себебі, шетелге шығу үшін ішкі рейстерде тасымалдаудың кемінде 3 жылдық тәжірибесі болуы керек. Дегенмен, «Экспо-2017» дайындығына байланысты авиациялық басшылық жаңа «ашық аспан» режимін енгізді.

Соның арқасында Qazaq Air халықаралық әуе тасымалдау нарығына бір жылға ерте шығып отыр. Алдағы уақытта Qazaq Air Ресейдің оңтүстігіне және Орталық Азияға бағыт ашуды жоспарлауда. Челябинск қаласынан ұсыныс та түсіп үлгеріпті.