«Оркестрлер фестивалін» Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі ашады

419
Оркестрлер фестивалі

Алматы. 5 қыркүйек. 7kun.kz — Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында 8-9 қыркүйекте Республика сарайы алдындағы Абай алаңында ашық аспан астында «Оркестрлер фестивалі» өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Музыка мерекесінің алғашқы күні дирижер Әли Демегенұлы Алпысбаев жетекшілік ететін Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі кешті бастайды. Бұл күні әлемнің және қазақтың ұлы композиторларының композициялары, сондай-ақ, әлем халықтарының музыкалық шығармалары орындалады.

Фестивальдің екінші күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін мыңдаған тыңдарман жүрегінен орын алған қазақ және кеңес дәуірі мен әлем кинематографиясындағы танымал, үздік әуендер орындалады. Композицияларға Александр Беляков жетекшілік ететін Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен Қанат Ахметов жетекшілік ететін ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі жан береді.

Шара Абай атындағы алаңда сағат 20:00-де басталады.