Алматы. 3 қараша. 7kun.kz - Delta Bank-ті банктік және өзге де операцияларды, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады деп хабарлайды Ұлттық банк әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ұлттық Банк басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №194 қаулысына сәйкес Delta Bank-ті «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының в) және г) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамағаны үшін және үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін Банкке Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берген 2008 жылғы 24 қазандағы №213 лицензиядан 2017 жылғы 3 қарашадан бастап айыру туралы шешім қабылданды. Ұлттық банк төрағасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №402 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банкті басқарудың барлық органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады.
2017 жылғы 3 қарашадан бастап уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға, банкке келіп түсетін ақшаны есептеуге байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі заңнамада белгіленген тәртіппен банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы сотқа өтініш жасайды. Сот Банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап банкті ұстап тұруға ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың банкке талаптары тек тарату өндірісінде ғана ұсынылуы мүмкін.
Бұған дейін Ұлттық банк Delta bankтің лицензиясын қараша айына дейін ұзартқан еді.