Алматы. 30 қараша. 7kun.kz — «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы Тимур Құлыбаев ҚР премьер-министрi Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен отырыста халыққа арзан ипотека беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Атамекен» басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Аxметовтың ұсынысын Үкімет басшысына жеткізді.
«Өткен аптада біз Шығыс Қазақстанда болған едік. Даниал Кенжетайұлы (ШҚО әкімі – агенттік ескертпесі) «баспана құрылысын қаржыландырудың қажеті қанша?» дейді. Оның барлығын екінші деңгейлі банктерге беруге болады ғой. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға көмектесейік десек, арзан ипотека берейік. Қазір елімізде тұрғын үй құрылысымен «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» холдингі айналысады. Олар баспана құрылысымен емес, ел экономикасымен айналысуы қажет. Ал тұрғын үй құрылысын жеке бизнес те жүзеге асыра алады. Бұны жай адам емес, әкім айтып отыр. Ол да кезінде Үкіметті басқарған», - деді Тимур Құлыбаев палатаның кеңейтілген отырысында.
Президиум басшысының айтуынша, мемлекеттің қыруар қаражатын «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» пен әкімдіктер арқылы құрылысқа салғанша, бұл ақшаға ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға болар еді. Осылайша, ипотеканы xалыққа барынша қолжетімді етуге мүмкіндік бар.
Атап өтсек, бүгiн елордада ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Атамекен» ҰКП президиумының кеңейтiлген отырысы өтті.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024