Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанға ең көп салық төлеген компаниялар анықталды

Қазақстанға ең көп салық төлеген компаниялар анықталды

Алматы. 8 ақпан. 7kun.kz - Forbes Kazakhstan бюджетке ең көп мөлшерде салық төлеген мемлекеттік емес шетелдік компаниялардың тұңғыш ренкингін жасады. Тізімге 25 компания енді.

Ақпарат көзіне сүйенсек, 2016 жылы отандық және шетелдік ірі, орта компаниялар бюджетке төлеген 4,9 трлн теңге салықтың 22 пайызын ТОП-25-ке енген компаниялар аударған.

Атап өтілгендей, 1996 жылы Қазақстанда алыс және жақын 72 шетел мемлекетінің компанияларымен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұрды. Экспорт көлемі - 118 пайызға, ал импорт 133 пайызға артты. Көмірсутектер мен шикізаттардың қымбаттауына байланысты Қазақстан Орталық Азияда шетелдік инвестиция үшін тартымды елге айналды. Мұнайы мен газы бар елдерге инвесторлардың қызығушылығы бәсеңдеген бүгінгі күні Қазақстанға құйылатын тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) да азайып барады.

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Қазақстанға құйылатын шетелдік инвестицияның көлемі жылына 5,2-5,3 млрд доллардан көп болмайды. Қазақстанға таза ТШИ салып отырған мемлекеттердің бестігі 2016 жылы мынадай болған: Нидерланды - 4,39 млрд доллар, АҚШ - 3,05 млрд доллар, Франция - 938 млн доллар, Жапония - 447 млн доллар және Гонконг - 353 млн доллар.

Ал, Қазақстанға ең көп мөлшерде салық төлеген ТОП-25 шетелдік компанияның көш басында «Тенгизшевройл» ЖШС тұр. Ондағы басты акционер америкалық Chevron корпорациясы. Серіктестік 2016 жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстанның бюджетіне 482 млрд теңге аударған.

Ренкингтің екінші орнында да мұнай мен газ саласында жұмыс жүргізетін «Карачаганак Петролиум Оперейтинг» концорциумы (Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Италия) тұр. Кәсіпорын жылына 70,24 млрд теңгенің салығын төлеген.

Үшінші орынға - Ұлыбританияның «Би Джи Қарашығанақ лимитед» кәсіпорны (61,2 млрд теңге), төртінші орынға темекі өнімдерін өндіретін жапониялық «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС (57,13 млрд теңге) жайғасса, бестікті Швеция, Финляндия, Түркия елдері инвесторларының телекоммуникация саласында жүргізіп отырған «Кселл» АҚ (55,92 млрд теңге) компаниясы түйіндейді.

Ренкингтің бұдан кейінгі тізімін «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС (АҚШ), «Аджип Қарашығаңақ Б.В.» ЖШС филиалы (Италия), «Шеврон Интернешнл Петролеум компани» (АҚШ), «Лукойл оверсиз Қарашығанақ Б.В» филиалы (Ресей) мен «Қазцинк» ЖШС (Швейцария) сынды компаниялар жалғастырады. Жалпы, тізімге енген 25 компания 2016 жылы бюджетке 1 трлн теңге мөлшерінде салық төлеген. Оның 49,5 пайызы Атырау облысынан түсіп отыр. 25 компанияның жетеуі Атырау облысында, бесеуі Алматы, төртеуі БҚО-да жұмыс істейді.

Похожие материалы