Өнеркәсіптік даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі коммитетіне жаңа басшы тағайындалды

өнеркәсіп
Алматы. 19 ақпан. 7kun.kz — Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі өнеркәсіптік даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің жаңа басшысы болып Алмас Батанов тағайындалды. Бұл туралы бұйрыққа министр Жеңіс Қасымбек қол қойды, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі. 

 

Алмас Батанов 1977 жылы Алматыда дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін аяқтаған. 2004 жылы «Стандарттау және сертификаттау» мамандығы бойынша Алматы технология және бизнес университетін тәмамдады. Ал 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Ноттингем Университетінде «ақпараттық технологияларды басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.

Қызмет жолын «Метрология» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы филиалының жетекші маманы болып бастады. 2000-2009 жылдары Қазақстан метрология институтында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

Ал, 2011-2013 жылдары Экономикалық зерттеулер институтының бас сарапшысы, кеңесші, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық зерттеулер және талдау орталығының кеңесшісі лауазымдарын атқарды.

2013 жылдан бастап 2014 жылға дейін Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің Өңірлік мониторинг және бағалау департаментінің директоры болды. 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметін атқарды.

2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген еді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!