Автожолдардың 500-ге жуық қауіпті учаскесі бақылауға алынды

учаскесі
Фото: ProKazan

Алматы. 20 ақпан. 7kun.kz — Қазіргі уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет ұйымдастырылды. Автокөлік жолдарына күзет қойылып, 476 қауіпті учаске (ұзақтығы 316 км), 942 құбыр және 101 көпір бақылауға алынды. Бұл туралы орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2018 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселелеріне арналған Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Пойыздардың үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін мұз айдыны мен су тасқынының суын өткізу үшін жолдар мен жасанды құрылғыларды дайындау бойынша іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл іс-қимыл жоспары аясында судың шайып кетуіне қарсы 42 пойыз әзірленіп, қажетті материалдар мен керекті құралдар дайындалды», — деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, барлық қауіпті жерлер белгіленіп, іс-қимыл шаралары айқындалды.

Бұдан бөлек, 2017-2020 жылдары тасқын қатерін ескерту мен алдын алу шараларының жиынтығы» Жол картасы аясында ұзақтығы 23,6 шақырым болатын Көкпекті-Қарағайлы учаскесінде «Қарасор көлін айналып өтетін теміржол құрылысын» салу қарастырылған.

«Қазіргі кезде «Транспроект» ЖШС  жобалық-сметалық құжаттама жобасын әзірлеу жөнінде шарт жасады.  Оны әзірлеу 2018 жылы 30 наурызда аяқталады. Жалпы, бұл учаске құрылысын аяқтау мерзімі 2019 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр»,-деді министр Жеңіс Қасымбек.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!