Алматыда «InternetCA-2018 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» форумы өтеді

интернет

Алматы. 5 мамыр. 7kun.kz — Алматыда 2018 жылдың 17-18 мамыры күндері «InternetCA-2018 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» ІХ ортаазиялық форумы өтеді.

Форум Астанадағы ЕҚЫҰ Офисі мен Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырылады. «БАҚ, мемлекет, қоғам: цифрлық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық» аясында ақпараттық кеңістіктің дамуындағы мемлекет пен қоғамның, БАҚ-тың рөлі; шындықты қалыптастырудағы интернеттің әсері; цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді сақтау; Орталық Азиядағы сөз бостандығы, БАҚ мүмкіндіктері; аудиторияның медиа сауаттылығы фейк жаңалықтарға, насихатқа қарсы ең тиімді құрал ретінде; ксенофобия, өшпенділік тілі; медиакеңістікті реттеудегі мемлекеттің рөлі тақырыптары талқыланады.

Аталмыш форум тоғызыншы рет өткелі жатыр. Форумға Германия, Чехия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың,  ҮЕҰ-дың, дипломаттар, журналистер, сарапшылар, академиялық және бизнес орта өкілдері келіп қатысады. Олар, сондай-ақ аймақ ақпараттық кеңістігіндегі БАҚ-тың, қоғамның және мемлекеттің рөлдерін талқылай отырып, тың бастамалар мен идеяларды, нақты мысалдар мен құралдарды ашатын болады.