Ұлттық валютамен депозиттер қаңтар-наурызда 2,9 пайызға өсті

депозиттер

Алматы. 15 мамыр. 7kun.kz — Наурыздың соңында депозиттердің жалпы көлемі 16,8 трлн теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен депозиттер қаңтар-наурызда 2,9%-ға, 9,4 трлн теңгеге дейін өсті, шетел валютасымен — 11,4%-ға 7,4 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып берді.

Ол нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі 2018 жылғы наурызда 44%-ға дейін төмендегенін, ол соңғы 4 жылдағы ең төменгі мән болып табылатынын атап өтті. Заңды тұлғалардың депозиттерін долларландыру 43,8%-дан 39,2%-ға дейін, халықтікі – 52,2%-дан 49,2%-ға дейін төмендеді.

«Банктердің экономикаға кредиттерінің көлемі 2018 жылғы наурыздың соңында 12,6 трлн теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен кредиттер қаңтар-наурызда 0,5%-ға 9,4 трлн теңгеге дейін өсті, шетел валютасымен кредиттер 5,4%-ға 3,2 трлн теңгеге дейін төмендеді. 2018 жылғы бірінші тоқсанда жаңа кредиттерді беру 2018 жылғы осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда 23%-ға немесе 498,8 млрд теңгеге ұлғайды», — деді О. Смоляков.

Оның айтуынша, кредиттердің баға бойынша қолжетімділігі біртіндеп артып келеді. Заңды тұлғалардың теңгемен кредиттері бойынша орташа алынған мөлшерлеме 2017 жылғы желтоқсандағы 13,2%-дан 2018 жылғы наурызда 12,8%-ға дейін төмендеді.

Сонымен бірге Ұлттық банк басшысының орынбасары банк және сақтандыру ұйымдары активтерінің көлемі туралы айтып берді.

«Банк секторында қазіргі уақытта 32 банк жұмыс істейді. Жиынтық активтер жыл басынан бері 1,6%-ға азайып, наурыздың соңында жиынтық активтер 23,8 трлн теңгені құрады. Сақтандыру секторында 32 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді. Сақтандыру ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2018 жылғы 1 сәуірде 946,1 млрд теңгені құрады», — деп қорытындылады ол.

Ұлттық Банк басшысының орынбасары өзінің сөзінде қаржы секторын «қайта жаңғырту» шеңберінде Ұлттық Банктің Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешу үшін жұмыс істеп жатқандығын атап өтті. «Ағымдағы жылы Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының үшінші бағыты – қадағалау өкілеттіктерін күшейту және тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу іске асырылуда. Заңнамаға тиісті түзетулерді Парламент Мәжілісі мақұлдады», — деді О. Смоляков.

Сөзін қорытындылай келе О. Смоляков Ұлттық Банктің Мемлекет басшысының «Әрбір отбасына тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде «7-20-25» бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтып берді. Бағдарламаны іске қосу үшін заңнамаға қажетті түзетулер блогы қазіргі уақытта Парламент Сенатының қарауында жатыр.