Компанияларды қор нарығына шығуға ынталандыру керек – Ақышев

қор
Фото: Atameken Business Channel

Алматы. 14 маусым. 7kun.kz – Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген қор нарығын дамыту бойынша түзетулер жөнінде айтып өтті.

Қазақстан Ұлттық банкі басшысының айтуынша, бірыңғай тіркеушіні және орталық депозитарийді бір ұйымға біріктіру болжанып отыр. Бұл түзету шығындарды оңтайландырып, бірыңғай дерекқордың қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Қор нарығына қатысушылардың қызметін жеңілдету үшін инвестициялық қорлардың жұмыс істеуін жеңілдету, бағалы қағаздар нарығының субъектілері үшін барлық рәсімдерді қысқарту ұсынылады.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы заң жобасының шеңберіндегі тағы бір шара ретінде компанияларды қор нарығына шығуға ынталандыруды атап өтті.

«Эмитенттердің ақпарат жариялауды қайталау жойылады, сондай-ақ бағалы қағаздар шығарылымы проспектісі электрондық форматқа ауыстырылады және басқа шаралар жүзеге асырылады», – деп атап өтті Д. Ақышев.