А.Атамбаев Қырғызстанды транзиттік елге айналдыруға уәде етті

1991 жылы 31 тамызда Қырғызстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында Қырғызстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды. Осы тарихи актіге сәйкес, Қырғыз Республикасы тәуелсіз, егемен, демократиялық мемлекет болып жарияланды.

Басты мемлекеттік мереке — елдің Тәуелсіздік күнімен қырғызстандықтарды бүгін Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев құттықтап, Бішкектегі Ала-Тоо алаңындағы мерекелік шараларды ашты.

«Тәуелсіздік күні барлық отандастарымызды біріктіреді. Бүгін Қырғызстанның тәуелсіздігінің жиырма төртінші жылында біз тәуелсіз ел ретінде алған бағытымыз өзінің жемістерін бере бастады деп сеніммен айта аламыз», — деп атап өтті А.Атамбаев.

Мемлекет басшысы осы жерде республиканың өз тарихында тұңғыш рет энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізгенін атап өтті.

Атамбаев сондай-ақ алдағы екі жылда Қырғызстанның көлік тәуелсіздігіне қол жеткізуі бойынша жұмыстардың аяқталатынын айтты.

«Барлық елді мекендер өз еліміздің аумағымен өтетін бірыңғай әрі үздіксіз көлік жолдарымен байланыстырылатын болады. Қырғызстан тұйық елден транзиттік елге айналады», — деді президент.

«ҚХР-дан Тәжікстан мен Қазақстан бағытында жүк ағымдары өтетін халықаралық автожолдар құрылысы аяқталып қалды», — деді ел басшысы.

Бірқатар мемлекеттер басшылары Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевты және қырғызстандықтарды мерекемен құттықтап, елге бақ-береке, өркендеу мен ілгерілеу тіледі.

www.inform.kz