АҚШ-та грекиялық дағдарыс болуы мүмкін

495

АҚШ билігі Грекияның қарыз жағдайынан үлгі алмаса, экономикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін. Республикалық партияның бұрынғы конгрессмені, 3 рет АҚШ президенттігіне үміткер Рон Пол осындай пікірде деп жазады Lenta.ru

Оның пікірінше, ел бюджетіне әскери шығындар күш түсіріп тұр. «Америка сыртқы саясатынан бас тартып, триллиондарды қажетсіз соғыстарға жұмсауды тоқтатпайынша, өзінің қаржылық істерін реттей алмайды», — деп атап өтті Рон Пол.

Бұрынғы конгрессменнің сөзінше, ақша тек әскерді ұстауға жұмсалмайды. Грекия тәрізді АҚШ шектен тыс әлеуметтік қамтамасыз етуден және ұжымдық жеңілдіктерден зардап шегеді. Компаниялар үшін жәрдемақылар мен әскери шығындарды қысқарту үкіметке қарапайым американдықтарға зиян тигізбестен үнемділік жасауға мүмкіндік береді деп есептейді ол.

Саясаткер доллардың әлемдік резервті валюта статусынан айырылып қалу қаупіне қатысты ойын айтты. «Қытай мен Ресей халықаралық есептеулер кезінде доллардан бас тартуға дайын. Көптеген елдердің валютасы доллармен бәсекелес болмақ. Бұл тек уақыттың еншісінде. Егер солай болса, грекиялық дағдарыс қайталануы мүмкін», — деп ескертті ол.

Еске салайық, 13 шілде күні Германия канцлері Ангела Меркель Еуротоптың (еуроаймақ елдерінің қаржы министрлерінің кеңесі) Грекияны қарыздық дағдарыстан шығару туралы келісімге келгендігін мәлімдеді. Афина елге үнемдеу режимін енгізгені үшін 86 млрд еуро алады.

10 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың үлкен сыртқы қарызын БРИКС пен ШЫҰ-ны қосқанда бүкіл әлем экономикасы үшін қауіпті проблема деп атады.

Қазіргі уақытта Американың мемлекеттік қарызы 18,3 трлн доллардан асады. Елдің ЖІӨ-і 18 триллион долларды құрайды. Әр секунд сайын қарызы бірнеше мың долларға өсіп отырады.