АҚШ Украинаға 1 млрд доллар көлемінде несиелік кепілдеме берді

462

АҚШ пен Украина 1 млрд доллар көлемінде несиелік кепілдеме беру туралы келісімге қол қойды. Бұл Киевке еурооблигацияларды қажетті сомада жариялауға мүмкіндік береді.

Құжатқа Украина қаржы министрі Наталья Яресько, АҚШ елшісі Джеффри Пайет және USAID (халықаралық даму бойынша американдық агенттік) миссиясының директоры Джед Бартон қол қойды.

Осыған дейін, 13 қаңтарда АҚШ 2015 жылы Украинаға жалпы көлемі 2 млрд долларға несиелік кепілдеме беретіндігі белгілі болған еді. Көмек берудің талабы бойынша, Киев экономикалық реформа жүргізу кезінде Халықаралық валюталық қордың (ХВҚ) талаптарын орындауы қажет.

Несиелік кепілдеме бере отырып, АҚШ Украинаға болашақта несие беруші кепілгер болады. Осы арқылы украиндық облигациялардың сатып алушыларына өз ақшаларын қайтарып алудың мүмкін екендігіне сенім ұялайды.

2015 жылдың наурызындағы қорытындысы бойынша, Украинаның сыртқы мемлекеттік қарызы 8,3 пайыз немесе 2,4 млрд долларға өсіп, 32,8 млрд долларға жетті. Ұлттық банктің болжамынша, елдің жиынтық қарызы ЖІӨ-нің  93 пайызын құрайды.

12 наурызда ХВҚ Украинаға 5 млрд доллар көлеміндегі бірінші траншты жіберді. Осы жылы елге жалпы көлемі 10 млрд доллар қаржылай көмек келмек.

ХВҚ украиндық экономикаға барлығы 1,5 млрд доллар бөлуі қажет. Ал несие бергені үшін құрылымды реформалар жүргізіліп, бюджет табысын көбейтіп және мемлекеттік қарызды қайта құрылымдау қажет деген талаптар қойылды.