Қаржы жұмсаудағы 7 қателік

2524
қаржы

Ақшаны қанша жинасаңыз да, жетпей жатады. Жалақы әрі қосымша табыс көзіңіз болса да үнемі жанталасып, қаржыны тағы да көбейту керек деп жүреміз. Мүмкін мәселе ақшаның қанша жиналатындығында емес, қалай жұмсалатындығында шығар. Қаражатты жинау ғана емес, оны орнымен жарата білу де маңызды. «Қаржы кеңесшісі» назарларыңызға ақша жинауда жиі ұшырасатын 7 қателікті ұсынады.

1. Отбасылық бюджетке мән бермеу

Ай сайын отбасылық шығындарды бір өзіңіз төлейсіз. Алайда оны отбасымен талқылау ойыңызда жоқ. Отбасының барлық қажеттіліктерін бюджетіңізге қоса бермейсіз. Осыдан соң  қаржының қайда кеткені белгісіз болып қалады.

ҚОтбасылық бюджетті құру – бұл соншалықты қиын жұмыс емес. Есесіне сіздің материалдық жағдайыңыз барынша реттеле түседі. Күнделікті қаржыңыздың қайда кетіп отырғанын білу үшін әрбір отбасы мүшесі күнделікті шығындарын жазып жүргені дұрыс. Осыдан соң барлық жұмсалған қаржыны есептеп, қандай шығындардан құтылу керек, қайсылары күнделікті қажеттілік екенін білуге болады.

2. Қымбат автокөлік сатып алу

Әрине, күнделікті өмірде автокөлікті межелі жерге тез жету үшін емес, әдемілік үшін жүргізетін адамдар бар. Олар өздеріне жай ғана автокөліктен гөрі бренд көліктерді сатып алғанды жөн көреді. Ал бұл өз қаржыңызды тым артық жұмсауыңыздың дәлелі болады.

Алайда біздің айтпағымыз бұл емес. Аса көп қаржыны жұмсай салу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан жеке қаржыңызды жаңа автокөлік сатып алуға жұмсағыңыз келсе, біріншіден, автокөлік не үшін керек екенін анықтап алыңыз. Екіншіден, автокөлік алған соң оның қызметі сізге қаншалықты қажет болатынын білген жөн.

Қаржы сарапшылары жаңа автокөлік сатып алу аса маңызды емес екенін айтады. Өйткені жаңа көлікті қымбатқа сатып алып, кейін өзіңіз сатып алған бағаға өткізе алмайтыныңыз белгілі.

3.Ұсақ-түйекке қаржыны жұмсай беру

Көптеген адамдар өзінің жалақысы көп нәрсеге жете бермейтініне наразылық танытады. Бірақ қажетсіз заттар мен кафедегі бір шыныаяқ кофе үшін жұмсаған қаржысын естен шығарады. Егер сіз бір ай болса да осындай ұсақ-түйек шығындарға мән беретін болсаңыз, күнделікті көзге көрінбейтін, бірақ ең көп жұмсалған қаржыны көре аласыз. Ал шығындарды алдын алу арқылы өз ақшаңызды үнемдейсіз.

Мысалы, күнделікті ішетін түскі асты асханалардан немесе мейрамханалардан сатып алмай-ақ, үйден алып келіп, бюджетіңізді реттеуге болады. Осыдан түскен ақшаны қарызыңызды қайтаруға немесе немесе өзге де қажеттіліктеріңізге жұмсаңыз.

4. Қарыздарды үнемдеп төлеу

Кейбір адамдар сіздің қаржылық жағдайыңызға байланысты өз қарыздарыңызды үнемдеп төлеуге кеңес береді. Бірақ бұл аса дұрыс қадам емес. Мысалығ сіз несиені жоғарғы пайызбен төлейсіз. Бірақ оны қайтаруға асықпайсыз. Нәтижесінде сіздің жинақтап жүрген қаржыңыз толығымен қарызды өтеуге кетіп, ешбір кіріс болмайды.

Сондықтан сарапшылар алдымен ең көп шығыннан құтылуды ұсынады. Үнемшілдікке жол бермей, пайызы жоғары қарыздарды өтеп тастап, ары қарай өзіңіздің жинақ қорыңызды толықтыра беруге болады.

5. Ипотекалық несие алу

Ипотекаға жылджымайтын мүлікті сату-сатып алу кезінде жұмсалған қаржы есебінен риэлтор (жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға – ред.) өзіне сыйақы алатынын бәрі біледі. Яғни сіз  қаншалықты қымбат пәтер сатып алсаңыз, риэлтор соншалықты пайда табады.

Сондықтан олар клиенттерге барынша қымбат пәтер сатып алуға кеңес береді. Бұл ретте релиторлар үшін сіздің қызығушылығыңыз емес, өздерінің табысы маңызды болады. Олар қымбат пәтер алсаңыз ұтымды болады деп сізді көндіргенмен, салық шығыны сіздің бюджетіңізді барынша қысқартады.

Салық шығынының көп болуы жылжымайтын мүліктің бағасына тікелей байланысты. Жаңа үй сатып алу туралы ойланғанда, осы ережені ұмытпаңыз!

6.Зейнетақы бар деп қаржыны үнемдемеу

Зейнеткерлікке шығар алдында қанша қаржыны үнемдеу керектігін көпшілігі білмейді. Алайда бұл болашағыңыздың тыныш болуына көмектеседі.

70 пайыз адамдар зейнеткерлікке шығу үшін әлі біраз уақыт бар деп есептейді, бірақ уақыттың өте жылдам екенін ескерген жөн. Сондықтан зейнет жасы келген кезде қосымша қаржыны қайдан табуға болады деп үрейленбей, артық қаражатты жинақтай беруге кеңес береміз .

7.Төтенше жағдай үшін қаржы жинамау

Күтпеген оқиғалар, қосымша қаржы жұмсалатын жағдайлар барлығымызда болады. Көп адамдар оның алдын алуды ойламайды. Күтпеген жағдайға арналған қаржыны жеке қорыңызда шығын ретінде есептеп қойсаңыз ұтылмайсыз. Қаржы сарапшылары осындай жолмен кемінде 8 айға жететін қаржыны есептеп қоюға болатынын айтады.

Оқыстан көлігіңіз бұзылып қалса, оны техникалық жөндеу орталығына апару үшін қосымша шығын ретінде есептеген қаржыдан аласыз. Осылайша, ешкімнен қарыз сұрамай, тығырықтан оңай шығасыз. Мұндай жағдайлар болмағанның өзінде, сақталған қаржы жинақ ретінде өз орнында тұра береді.