Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған алғашқы үй пайдалануға берілді

816
Нұрлы жер

Ақтөбе. 8 қыркүйек. 7kun.kz — 9 қабатты үйге тұрғындарды кіргізу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Испанов, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов, «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқарма төрағасы Александр Камалов, «Соллерс» ЖШС директоры Андрей Сторожев қатысты. Бұл туралы Даму баспасөз қызметі хабарлады.

Көп қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мақсатында Сбербанк «Соллерс» құрылыс компаниясына 3 жыл мерзімге 400 миллион теңгеге несие желісін ашты. Ал компания құрылысқа 102 млн теңге өз қаржысын салды. Жобаның жалпы құны 502 млн теңге. Сбербанк, Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және «Соллерс» компаниясының арасында шартқа қол қойылды. Ол құжат бойынша пәтерлердің 50 пайызын Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларына таратады. Яғни, 27 пәтер Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына шаршы метрі 140 мың теңгеден беріледі. Қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы өзі сата алады немесе Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына ұсына алады. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Соллерс» ЖШС несие пайызын субсидиялай алды. Жылына 14% мөлшерлеменің 7 пайызын «Даму» қоры қаржыландырады. Тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы 3 771 шаршы метр.