Алаяқтар БЖЗҚ салымшыларының деректерін алмақ болды

алаяқтар
Фото: 24.kz

Алматы. 6 шілде. 7kun.kz –  Белгісіз адамдар БЖЗҚ салымшыларына қоңырау шалып, қордан сыйлық ұтып алғаны жайлы хабарлама жазылған электронды хаттар таратуда. Алаяқтар жеке деректеріңізді растау үшін сыртқы ресурс сітлемесіне өтіп және банк дәйектемелеріңізді хабарлауды ұсынады. Осылайша салымшылардың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу талпыныстары жасалуда, деп хабарлайды «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі.

«БЖЗҚ» АҚ өз салымшыларына Қор сыйлықтар ойнатылатын ешқандай акциялар өткізбейтінін, электронды әдіспен жеке деректер жинаумен айналыспайтынын және мұндай шараларды өз атынан жүргізу құқығын ешкімге бермейтінін хабарлайды», — делінген Қордың ресми мәлімдемесінде.

Сондай-ақ Қор өкілдері жеке деректеріңіздің құпиялығын сақтау үшін салымшыларға электронды хаттардағы сілтемелерге кірмеуге кеңес берді.

«Сақтық танытыңыздар және абай болыңыздар, таныс емес адамдарға, әсіресе, үлкен компания атауларын жамылған белгісіз тұлғаларға ешқашан жеке сипаттағы ақпаратты бермеңіздер. Жақындарыңыз бен туыстарыңызды алаяқтық әрекеттері жайлы ескертіңіз: Өтінеміз: мұндай сипаттағы хаттар мен қоңыраулар келген жағдайда бірден 1418 нөмірі бойынша БЖЗҚ call-орталығына хабарлаңыздар, — деді қор өкілдері. БЖЗҚ белгісіз тұлғалардың қандай да бір сыйлық ойнату шараларын өткізу іс-әрекеттері үшін жауапкершілік алмайтынын ерекше атап өтті.