Алматы қаласына келетін шетелдік туристер саны көбейіп келеді

Алматы қаласына келетін шетелдік туристер саны көбейіп келеді

Алматы қаласында кезекті халықаралық туристік форум болып өтті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мегаполистің еншісіне Қазақстанның туристік саласына түсетін пайданың 60%-ы тиесілі. Және ішкі туризм бойынша да Алматы қаласы көш бастап тұр. Сол себепті де, туризмді дамытуға арналған шараны осы қалада өткізуге шешім қабылданды.

Әлемнің 40 елінің 500-ге жуық компаниясы мен отандық мекемелері демалысқа арналған қызықты бағдарлар ұсынды. Соңғы бес жылда Алматыға келетін шетелдік қонақтар саны айтарлықтай өскен. Шамамен, екі есеге көбейген. Ел ішінде демалатын қазақстандықтар саны да дәл солай.

«Елбасымыз айтқандай, Алматы Қазақстанның ЖІӨ-нің 20%-ын береді. Егер туризмді алар болсақ, республика бойынша туризмнен түсетін пайданың 60%-ы осы Алматы қаласына тиесілі», – дейді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.

«Менің ойымша, ішкі туризмді барынша дамыту керек. Бүгінде демалуға арналған түрлі қызықты орындар бар. Біз осы саланы дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы уақытта бізге келетін шетелдіктер саны өсуде. Оларға біздің шипажайларымыздан ем қабылдаған ұнайды», – дейді курорттық және емдеу шипажайының директораы Орынша Балтабаева.

Мегаполиске келушілердің ішінде көпшілігі Қытай, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ және Ұлыбритания елдерінің өкілдері. Шетелдіктердің көптеп келуінің себебі — аталған елдерге қатысты енгізілген визасыз режиммен байланысты. Өткен жыл бойынша, Алматы 500 мың шетелдік қонақтарды қабылдады.

«Осы көрмеге қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Еліміз Алматыдан келетін қонақтардың санын көбейтуді қалайды. Малайзия — саяхаттауға қолайлы ел. Сіздердің мегаполистеріңіз болашақта Азияның туристік орталығына айналады деп үміттенеміз. Сол себепті екеуара туризмді дамытқымыз келеді», – дейді Малайзияның мәдениет және туризм министрі Дато Сери Мохаммед Назри Абдул Азиз.