Алматы әкімдігі девальвацияға қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді

Бейсенбі күні Алматы әкімдігі девальвацияға қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Әміржан Қосанов өзінің Facebook әлеуметтік желісінде хабарлады.

«Жаңа ғана біздің заңгер Ерлан Қалиев, Алматы әкімдігі алдағы жексенбі, 27 қыркүйек сағат 11-де болатын бейбіт митиг өткізуге рұқсат бермегені туралы хабарлады. Тура сол күні әлдеқандай Альянс студенттері «Сарыарқа» кинотеатрының артында мәдени іс-шара өткізеді екен. Бүкіл қалада басқа жер таппағандай! Күлесің не жылайсың. Біз ұйымдастырушылар бесеуміз, мен олардың барлығының атынан шешім қабыладай алмаймын. Ертең кездесіп, өз шешімімізді шығарамыз» -деп жазады ұйымдастырушылардың бірі Ә. Қосанов.

Осыған  дейін Ә. Қосанов Facebook парақшасына 2015 жылдың 27 қыркүйегінде бір топ алматылықтар ұйымдасып әкімдікке митинг өткізуге өтініш бергенін хабарлаған еді. Кездесу ұлттық валютаның соңғы девальвациясына арналуы тиіс болатын.