Алматы Орталық Азияның қаржы орталығы бола ала ма?

1041
Алматы Орталық Азияның қаржы орталығы бола ала ма?

2015 жылдың 11 сәуірінде «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыны қаржы орталығына айналдыру процесінде жаңа динамика қажеттігін, оңтүстік астанаға арнайы статус беріп, заң жобасын құру керек екендігін мәлімдеді. Алмалы қаланы ақшалы қалаға айналдыру идеясы бұл жолы бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Орта Азиядағы болашақ қаржы орталығының негізін қалау туралы ой 10 жылдан бері ел үкіметін «кезіп» жүр.

Тарихи алғышарттар

Алматы аймақтық қаржылық орталығын құру (ААҚО) идеясы 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан банктері ассоциациясының басшылығымен кездесуі кезінде айтылды. Бірақ дәл сол кезде қажетті экономикалық даму болмауына байланысты ешқандай қолдау табылған жоқ.

2004 жылы Алматы қаласын халықаралық қаржы орталығына айналдыру туралы концепция құрылды. Алайда сол кездегі мемлекеттік бақылаудың әлсіздігіне байланысты жоба іске асырылған жоқ.

2006 жылы президент «Алматы қаласында аймақтық қаржы орталығын құру» туралы заңға қол қойып, Алматы қаласындағы аймақтық қаржылық орталығының әрекетін ретке келтіретін агенттік жұмысын бастады. Бүгінде ААҚО-ның құрамына Қазақстандық қор биржасының ірі акционері «Алматы аймақтық қаржылық орталығы» АҚ, ААҚО рейтингтік агенттігі, «Еуразиялық сауда жүйесі» сауда биржасы, ААҚО Академиясы кіреді.

2009 жылы 30 қаңтарда Кәрім Мәсімов «2015 жылға дейін Алматы қаласындағы аймақтық қаржылай орталықты дамыту жоспары» туралы қаулыны бекітті.

Осыдан бері 6 жыл өтті. 10 жыл бойы қабылданып келе жатқан концепциялардың тиімділігін тексеретін уақыт жеткен тәрізді еді. «Алматыда қаржы орталығын құру ұзаққа созылып кетті. Бұны түбегейлі қайта қарау қажет», — деді мемлекет басшысы бұл туралы. Енді Ұлттық банк ААҚО құрудағы жаңа жоспарды бекітті.

Алматылық статус — кво

Қайрат Келімбетовтың айтуы бойынша,  «қазақстандық Франкфурт» әлемдегі  бәсекеге қабілетті  83 қаржы орталығының ішінде 58 орынға ие екен. Осы арқылы Мәскеу, Варшава және Маниладан алда тұр. Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтың сөзіне қарағанда, Қазақстандағы әрбір үшінші, яғни 120 мыңнан астам кәсіпорын Алматыда орналасқан. Ал әрбір үшінші алматылық осы кәсіпорындарда жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес өкілдері қала қоржынына келіп түсетін салықтың 65%-ын береді. Оңтүстік астана қазақстандық жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 20%-ын құрайды. «Қазақстандық Франкфурт» жобасы сәтті түрде іске асқан жағдайда, бұрынғы бас қала ел экономикасының локомотиві болады деген сөз.

Аталған факторлардың барлығы да Алматыны екінші Сингапурге айналдыруды көздейтін жаңа жоспардың іске асуы үшін жеткілікті ме? 

Қаржыгер Мұрат Темірханов Ұлттық банк жариялаған ААҚО жаңа жоспарының жуық арада іске аспайтындығын мәлімдейді. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін жарық көрген жоспарға сараптама жасалмаған, сондай-ақ ол құжаттағы ешқандай пункт толығымен орындалмаған. Яғни, осыған дейінгі жұмыстың нәтижесі анықталмаған.

Жаңа құжатта ААҚО-ны іске асыру үшін стратегиялық маңызды бағыттың бірі болып табылатын жергілікті капитал нарығын дамытудың қажеттілігі атап көрсетілген. Осыған дейінгі жоспарда да бұл бар еді, оның үстіне капитал нарығы да айтарлықтай өзгеріске түсе қойған жоқ дейді сарапшы.

Ұлттық Банктің жңа жоспарында қазақстандық қор биржасы шетелдік алаңдарға шығарылған  мемлекеттік емес құнды қағаздардың көлемі акционерлік және қарыз капиталының ЖІӨ-не шаққандағы 11,5% және 12% құрауы қажет деп жазылған. Ал Темірхановтың мәліметі бойынша KASE-де жарияланған акционерлік және қарыз капиталының шынайы капиталға айналдырғандығы көлемі ЖІӨ-нің 1%-ын ғана құрайды. Яғни ұжымдық құнды қағаздардың KASE-дегі қал-қадірі 2008 жылмен салыстырғанда тіпті нашарлап кетті. Ал мұндай жағдайда Алматыны шетелдік инвесторлар мен эмитенттер үшін тартымды қаржы орталығына айналдыру мүмкін емес.

Мемлекеттік компанияларды қор нарығына шығару. Бұл — ескі жоспардағы басты мақсаттардың бірі. Құжат бойынша, «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін компаниялар шығаратын құнды қағаздардың жыл сайынғы ең төменгі көрсеткіші  «2-3 миллиард АҚШ долларын» құрауы қажет болатын. Яғни 6 жыл ішінде KASE-де кем дегенде 12 млрд доллар болатын құнды қағаздар жариялануы қажет еді. Алайда биржаға 300 млн доллар тұратын екі компанияның ғана акциялары жарияланып, жоспар 2,5%-ға орындалды. Егер бұл жоспар 50%-ға орындалғанда, биржадағы жағдай түбегейлі басқаша қалыптасар еді. Және қазір ААҚО жұмысына қызығушылық танытқан шетелдік компаниялардың ой-ниеті де басқаша болар еді дейді қаржыгер.

Ал Олжас Құдайбергеновтың пікірінше, ААҚО-ны іске асыру үшін қажетті деңгейдегі ақша-несиелі және экономикалық саясат болуы керек. «Қаржылық орталық — сыртқы экономикалық ықпал құралы. Ол елдегі проблемалардың негізгі бөлігі шешілгенде, бәсекеге қабілетті ірі ұлттық өндіруші құрылғанда пайда болады. Ұлттық валюта нығайып, бірқатар елдер мойындай бастауы қажет», — дейді ол.

Дамыған инфрақұрылым жетіспеушілігі. Алматы әуежайларындағы персоналдың ағылшын тілін білуі, сервисті жақсартудан бастап қала ішіндегі кептелісті азайту  деген мәселелер шешімін табуы қажет. Жақсы қонақүйлер, таза экология, қызмет көрсету сапасын арттыру керек. Әлемге танымал «Арман» холдингінің басшысы Серікбай Бисекеев қазір Сингапурде тұрады. Егер Алматыға арнайы статус берілсе ол өзі ғана емес сингапурлық инвесторларды да алып келуге дайын. «Сингапурдағыдай немесе одан да жақсырақ қылсаңыздар, қала мүлдем басқа сипатқа ие болады. Сәті түсіп тұр, қазірден бастап жұмысқа кірісу керек», — дейді ол.

Мамандардың есептеуінше, арнайы аймақ құру үшін қазынадан 20 миллион доллардан астам қаржы бөлу керек. Қазақстанның халықаралық аренадағы жағымды позициясын есепке алсақ инвестиция тартуға мүмкіндік те бар.

«Біз 1959 жылы бастағанда қоғамды қалай басқару қажеттігі немесе сансыз әлеуметтік және экономикалық мәселелерді қалай шешу керектігі туралы аз білдік. Бізде бар болғаны әділетсіз қоғамды жақсыға өзгерту деген биік талап қана болды» , — деген еді Сингапурды  30 жыл ішінде «Азия барысына» айналдырып үлгерген Ли Куан Ю.

Ал бізде? Тәуелсіздіктің алғашқы 24 жылында сингапурлықтар білмеген қоғамды басқару мәселесін меңгердік. Жаһандық экономика көшін бастағандар қатарында метроны 23 жыл күткен алматылық тұрғындар бар деуге келмейді. Сингапур феноменін қайталаймыз десек уақытты барынша тиімді пайдалану қажетпіз.

Дайындаған Ақсәуле Әбітай «7»