Алматы – Орталық Азиядағы ең қымбат қала

Алматы. 1 шілде. 7kun.kz – Mercer.com әлемнің ірі қалаларындағы шетелдіктер үшін жыл сайынғы өмір сүру құнының рейтингін жариялады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Зерттеуге барлығы 227 қала қатысты. Орталық Азияның үш астанасы рейтингтің соңына орналасты. Ташкент-221 орын, Бішкек-225 орын, Душанбе-226 орын.

Алматы – 219 орынға орналасып, Түркияның ең ірі қалалары – Ыстамбұл, Анкара, сондай-ақ пәкістандық Карачи мен Исламабадқа қарағанда қымбат болып шықты. Зерттеуге Нұр-Сұлтан қаласы мүлдем енбеді.

Ал Баку – 186 орынға жайғасып, Кавказ елдері астаналары арасында тұруға ең қымбат қала болып шықты. Сондай-ақ Ереван – 197 орын, Тбилиси – 217 орынды иеленді. Беларусь астанасы Минск рейтингте 204-ші болды. Ресей мен Украина қалалары биылғы жылы Mercer.com рейтингіне кірмеді, бұл геосаяси жағдайға байланысты болуы мүмкін.

Гонконг – шетелдіктер үшін әлемдегі ең қымбат қала атанды. Одан кейін бірден Швейцарияның 4 қаласы орнласты. Ал 6 – Тель-Авив, 7 – Нью-Йорк, 8 – Сингапур, 9 – Токио, 10 – Бейжің.

Баға мен сапа арақатынасы бойынша Ванкувер, Торонто, Сидней, Берлин, Франкфурт, Вена, Амстердам және Копенгаген үздік мегаполис болды. Алматының өмір сүру сапасының рейтингі ауаның ластануын айтарлықтай төмендетеді.

Mercer.com рейтингті 39 критерий бойынша құрастырады. Олар білім беру мен денсаулық сақтаудың құны мен сапасын, тұрғын үйдің қол жетімділігін, мәдени өмірді, экономикалық көрсеткіштерді, саяси жағдайды және тіпті табиғи апаттардың ықтималдығын ескереді.