Алматыда азық-түлік бағасы қымбаттады

935

2015 жылдың тамызында тұтыну бағаларының индексі шілдемен салыстырғанда 100,3 пайызды құрады. Ақылы қызметтің бағасы мен тарифі 0,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 0,3%-ға көтерілді. Азық-түлік бағасы өзгерген жоқ. Бұл туралы статистика департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады деп жазады Kapital.kz.

Тамызда азық-түлік тауарларынан қант бағасы 9,1%, нан 3,3% (бірінші сорттағы нан 4,4%, жоғары сорттағы 1,1%), жоғары сорттағы бидай ұны 0,3%, макарон өнімдері 0,1% көтерілді. Ұн өнімдерінің құны 1,5%-ға, кондитерлік өнімдер 0,7%-ға қымбаттаған.

Ет пен ет өнімдері 1,3%-ға, оның ішінде сиыр еті 2,1%, қой еті 1,6%, шошқа еті 0,6%, жылқы еті 0,3%, құс еті 0,2%-ға қымбаттады. Ет бағасының өсуіне байланысты шұжық өнімдері 1%-ға, жартылай фабрикаттар 0,9%-ға өсті. Балық пен теңіз өнімдерінің бағасы 0,5% пайызға көтерілді.

Ал жарма 3,1%-ға арзандаған. Оның ішінде күріш бағасы 3,1 пайызға, бидай 1,5 пайызға төмен түсті. Көкөністер бағасы 5,7 пайызға азайды. Бұрыш 19,8%, картоп 17,2%, пияз 11,9, қызылша 10,2%, сәбіз 7,4% арзандап, қырыққабат 3,9 пайыз қымбаттады.

Жеміс-жидектер бағасы 2 пайыз төмендеді. Алмұрт 14,5%, жүзім 10,3%, банан 9% арзандады. Лимон мен апельсин 4,4-5,8%, ал кепкен жемістер мен дән 2,6% қымбаттаған.

Сүт өнімдері 0,3%-ға арзандаған.