«Оңай» жүйесі 2016 жылдың 11 қаңтарында толық енгізіледі

2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап Алматыдағы қоғамдық көліктер «Оңай»  электронды карта жүйесіне толық өтеді. Бұл туралы қалалық жолаушылар тасымалы басқармасының жетекшісі Дәурен Әлімбеков мәлімдеді.

«Біздің басты міндетіміз — жеңілдік қарстырылған азаматтардың барлығын электронды билет жүйесімен қамтамасыз ету. Картаны тарату арқынды жүріп жатыр. Біз күнделікті мониторинг жүргізіп отырғандықтан, электронды билет жүйесіне толық 2016 жылдың 11 қаңтарында өтеміз. Жол жүру билеттері 2015 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жарайды. Қолма-қол төлем жүйесі 2016 жылдың 11 қаңтарына дейін жалғасады. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде «Оңай» картасымен жол ақысын төлеу қосымша жүргізілуде. Жол жүру билетінің түрлері уақытша алынады. Оларды қайта енгізбес бұрын, тасымалдаушыларды қаржыландыру мақсатында бізге жолаушылар легі туралы нақты статистика жинау қажет», — деді Д. Әлімбеков.

Сондай-ақ, «Көлік холдингі» ЖШС төрағасы Рифат Абдураманов электронды карта жүйесінің енгізілу барысы туралы айтты.

«Қазіргі кезде электронды терминал Алматы қаласының барлық автобустары мен троллейбустарына орнатылды. 22 қарашада 226 261 карта таратылды. Олардың 68 520-сы зейнеткерлерге, 62 404-і оқушыларға, 78 194-і студенттерге және 78 194 басқа да азаматтарға берілді», — деді Р.Абдураманов.

Сонымен бірге, «Қазақ соқырлар қоғамының» өтінішімен Брайл шрифімен арнайы «Оңай» карталары дайындалды.

«Оңай» картасындағы соманы «QIWI» және «QIWIКошелек» арқылы ғана емес, «Kaspi банк», HOMEBANK және «Касса24» терминалдарынан да толтыруға болады.

Сондай-ақ, картадағы соманы толтыру үшін терминалдарға енгізілетін сандар қысқартылды. Енді картаны толтыру үшін соңғы сегіз санды енгізу керек.

Айта кетейік, аталған жүйе қоғамдық көліктердің тиімділігін арттыру мақсатында жасалған қадам және 2020 жылға дейін Алматы қаласын дамыту бағдарламасы бойынша енгізілді.

Фото: kaz.caravan.kz