Алматыда тұрғын үй сертификатына бөлінетін қаржы 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды

Бақытты
Фото: kvadmetry.ru

Алматыда әкімдігі халықтың жекелеген санаты үшін тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беруге қосымша жарты миллиард теңге бөледі, деп хабарлайды 7kun.kz.

Бұл туралы қала мәслихатының XVI сессиясында айтылды. Жиында Президенттің Алматыны қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биылға арналған жергілікті бюджет нақтыланды. Нақтылау өткен жылдан 48,9 миллиард теңге сомасындағы қолда бар бос қаржы қалдығы есебінен жүргізілді, деп хабарлады қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Жиында Алматы әкімі Ерболат Досаев бұл қаржы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыруға бағытталатынын айтты.

Соның бірі – тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беруге арналған қаржыландыруды ұлғайту.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй заемы арқылы бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша қаржыландыру 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, оған 500 миллион теңге қарастырылды. Осы сертификаттарды алушылардың тізбесіне 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді», — делінген ақпаратта.

Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар пакеті дайындалды.

Айта кетейік, осыған дейін қаражаттың бір бөлігі қаланың мемлекеттік мектептерінің 1-4 сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақты қаржыландыруға жұмсалатыны хабарланды.