Қапшағайда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

орталық
Фото: Палатының баспасөз қызметі

Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz — Бұл Алматы облысындағы аудандық және қалалық деңгейде ашылған алғашқы орталық. 

1 мамырда өткен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатына Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков және бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысты.

«Бұл Орталықтың ашылуы Қапшағай кәсіпкерлеріне толық қызмет көрсетіп қана қоймай, Балқаш және Кербұлақ ауданының кәсіпкерлеріне де тиісті қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталмыш Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын Талғар мен Қарасай аудандарында да ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біздің қызмет Алматы өңіріндегі кәсіпкерлер үшін одан ары қолжетімді және қолайлы болады», — деп атап өтті облыстық Палата басшысы.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «бір терезе» принципі бойынша бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.

Орталық жанында қалалық кәсіпкерлер кеңесінің бөлмесі және мемлекеттік органдардың қабылдау жүргізуіне арналған кәсіпкерлерді қабылдау бөлмесі ашылды.