Аптаның қаржы қорытындысы

711

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 25-29 қаңтар аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 25 қаңтарды ұлттық валютамыз күрт нығаюмен бастады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңертеңгілік сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 371,10 теңге болды. Бұл көрсеткіш 22 қаңтар күнгі таңғы сессия көрсеткішімен (380,80) салыстырғанда 9,7 теңгеге нығайды.

Осы арада демалыс күндері Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы ақша айырбастау орындары АҚШ долларын сатып алмағандығы белгілі болды. Алматылықтар долларды теңгеге тек Халық банкінде ғана айырбастай алды. Айырбастау пунктері мұны курстың болашағын қатысты өздері де сенімсіз екендіктерімен түсіндірді.

Сейсенбі, 26 қаңтарда америкалық валюта қайта күшіне еніп, теңгеге қатысты курс 380-ге жетті. Ал Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 29,66 долларға дейін арзандады. WTI мұнайының бағасы барреліне 29,49 доллар болды.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Өз үйім» бағдарламасын іске қосты. Дағдарысқа қарсы дайындалған бағдарламаның артықшылығы — Алматы және Астана қаласының тұрғындарына соңғы 2 жылда тіркеуде болуы міндеттелмейді. Бір шаршы метрінің бағасы валюта курсын тәуелді болмайды және үй алу кезінде ерекше талаптар қойылмайды.

Күн цифрлары:

  • 1999-2005 жылдар аралығында білім беру несиесі бойынша қарыз көлемі 9 млрд теңгеге жетті.
  • Алматыны жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 8,5 трлн теңгеден асты.
  • Бюджет құрамындағы салық түсімдері 3,5% -ға төмендеді. 2014 жылы бюджетке түскен салық түсімдері 5,3 трлн теңгені құраған еді.

Сәрсенбі, 27 қаңтарда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры базалық жоспарын мұнай 25 доллар, ал доллар 400 теңге бойынша есептеді. Қордың қаржы операциясы жөніндегі басқарма директоры Елена Бахмутованың сөзінше, қор инвестициялық бағдарламаларды қысқартып, жұмыс орындарын сақтап қалуға тырысуда. Рейтер агенттігінің мәліметінше, «Самұрық-Қазынаның» қарызы 7 млрд долларға қысқарып, 17,3 млрд теңгесі қалған.

Алматы қаласының 2016 жылға арналған бюджеті 370 млрд 215 млн теңге деп бекітілді. Оның ішінде 5,3 млрд теңгеге жуық қаржыны қаржыны халықтың әлеуметтік әлсіз тобын қолдауға жұмсау ұсынылған.

Ал «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшысы Ахметжан Есімов шығындарын тағы 53 млрд теңгеге қысқартатындығын мәлімдеді. Осыған дейінгі қысқартуларды есептегенде жалпы оңтайландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайды.

Бейсенбі, 28 қаңтарда теңге мен рубль ЕАЭО елдеріндегі ең көп құлдыраған валюта деп танылды. Қазақстанның ұлттық валютасының бағамы долларға қатысты екі жылда  54,7%-ға түсіп, 2,2 есеге төмендеген. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің арасында осындай құлдырау тек Ресейде болған.

Қазақстанның жылдық инфляциясы 13,6% құрап, ЕАЭО-дағы ең жоғарғысы болды. Есептік кезеңде инфляция деңгейі Ресейде — 12,9%, Беларусь елінде – 12%-ды құрады. 2016 жылғы Қазақстанның қайтаруы тиіс сыртқы қарызының көлемі белгілі болды. Осы жылы еліміз сыртқы қаржы институттарына 19,5 млрд доллар қарызын қайтаруы тиіс.

Әлемдік шикізат нарығында Brent мұнайының бағасы 33 доллардан асты. Апта басымен салыстырғанда баға 6,5%-ға көтерілген.

Жұма, 29 қаңтарда теңге нығаюын жалғастырып, доллар курсы 365,23 теңгеге төмендеді. Ақша айырбастау орындарында долларды 366-368 теңге аралығында сатылуда.

ҚР Үкіметі пен Ұлттық банк дағдарысқа қарсы жоспарды қабылдады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының XVII съезді кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев хабарлады.

Әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 34,79 долларды құрады. Ал америкалық  WTI мұнайы  Нью-Йорк биржасында 34 долларға қымбаттап, кейінірек 33,93 долларға бағаланды. Енді Сауд Арабиясы мұнай өндіруші елдерге қара алтыны өндіруді 5%-ға төмендетуі ұсынып отыр.