Ақмолада мефедронды заңсыз өткізген студент 6 жылға сотталды

Ақмола облысы. 24 қараша. 7kun.kz – «Мефедрон» психотроптық заты тәркіленген студент 6 жылға сотталды, деп хабарлайды 7kun.kz.

Полиция мәліметінше, Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған Көкшетау қаласының 19 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Одан 0,43 грамм «мефедрон» психотроптық заты тәркіленген болатын

«Сот отырысында сотталушы кінәні ішінара мойындады. Ол есірткі заттарын сатумен айналыспағанын, ал жедел уәкілдер тәркілеген психотроптық затты ол жасырып салу арқылы досының өтініші бойынша оған сатып алғанын айтты», – делінген хабарламада.

Сотталушының тұрғылықты жері мен оқу оқитынын, бірінші соттылығын, жасын, сондай-ақ өзге фактілерді ескере отырып, сот қылмыстық жолмен өндіріп алынған мүлікті тәркілей отырып, орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару мекемесінде алты жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.