Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес өтті

Ақордада
Фото: .akorda.kz

Алматы. 27 наурыз. 7kun.kz — Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, министрлер қатысқан кеңес өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиын барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә. Смайыловтың, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ж. Қасымбек пен Г. Әбдіқалықованың, Алматы қаласының әкімі Б. Байбектің және Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовтың есептері тыңдалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, кейбір бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру», — деді Қазақстан Президенті.

Басқосу соңында Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент Әкімшілігіне тапсырылды.