Ақтөбедегі түрмеде жас жұбайлар некесін қиды

Ақтөбе. 12 тамыз. 7kun.kz –Қалыңдық темір тордың ар жағындағы 27 жастағы сүйіктісімен заңды некесін қидыру үшін КА-168/2 түзеу мекемесіне жалғыз келді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 түзеу мекемесі әкімшілігінің хабарлауынша, некені заңдастыруға түрме кедергі емес.Ақтөбедегі түрмелерде неке қию рәсімінің өткізілуі таңғаларлық емес. АХАЖ мамандарының айтуынша, түзеу мекемелеріне кейде апта сайын неке қию рәсімі өтеді. Ал аталған неке биыл 20-шы болып тіркелген.

«Бұған дейін үйлену жоспарымызда болған еді. Осы қыста сүйіктіме ұсыныс жасағанмын. Тойымызды жазда жасаймыз деп келіскенбіз. Бірақ қыста істі болып, жоспарымыз болмай қалды. Соған қарамастан, бүгін міне, заңды некемізді қидырдық. Ендігі арманым – бостандыққа тезірек шығып, сүйіктім және отбасыммен бірге бақытты өмір сүріп, арман-тілектерімізді бірге жүзеге асыру», – деді күйеу жігіт.

ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша 5 жылға сотталған күйеу жігіттің бостандыққа шығуына 4 жыл бар.

«Некесін қидырып, отбасылы болған жазасын өтеуші азамат жауапкершілікті сезініп, түзелу жолына түсіп, жаза өтеу барысында өзін жақсы жағынан көрсетуге және отбасына тезірек оралуға тырысады. Сол секілді бүгін некесін қидырған сотталғанның жаза өтеу барысында да тәртібі жақсы болып, отбасына тезірек оралатынына сенім артамыз», – деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде.