Астана қаласының 2016 жылғы бюджеті 314,7 млрд теңгені құрайды

Астана. 14 желтоқсан. 7kun.kz — Астана қаласында мәслихаттың 61-кезектен тыс сессиясында қаланың 2016 – 2018 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сатында хабарланды. 

Елорданың 2016-2018 жж. арналған бюджеті бес жылдық кезеңде (2015-2020жж.) қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының негізінде әзірленді.

2016 жылға арналған бюджет 314 млрд 745 млн теңге көлемінде бекітілді, соның ішінде: республикалық бюджет трансферттері мен несиелері 134,7 млрд теңгені құрайды, жеке табыс – 180 млрд 029 млн теңге.

Сонымен қатар, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 8,4 млрд теңге көлеміндегі республикалық бюджет трансферті есебінен әлеуметтік салада еңбекақыны көтеруге жұмсалатын қаржы есебінде қарастырылған.

Еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін енгізудің нәтижесінде денсаулық сақтау саласында – 28%, білім – 29%, басқа салаларда – 40% дейін негізгі персоналдың еңбекақысын біліктілігіне қарай дифференциалды түрде көтеру болжанған.

Бұдан басқа, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы 30% көбейтілмек.

2016 жылға арналған бюджеттен 17 млрд 253 млн теңге республикалық бюджетке алынады.

Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 122,6 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджет трансферттерінен – 99,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға және қалпына келтіруге, жолдар мен әлеуметтік сала объектілерінің құрылысына бағытталады.

Фото: apozh.kz