«Астана» қаржы орталығына 500 шетелдік төреші шақырылады

Астананың қаржы орталығында 500 шетелдік төреші жұмыс істейді. Бұл туралы Астанада өткен Америка-Қазақстан форумында инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Сағадиев хабарлады.

«Астанадағы қаржы орталығында халықаралық сотты ұйымдастырып, британдық сауда заңнамасын қолданатын 500 шетелдік төрешіні жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз, яғни біз Дубай тәжірибесін негізге алып, оны Астана жүзеге асыратын боламыз», — деп мәлімдеді вице-министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы үкімге қол қойған болатын. Ал Ұлттық банк және үкімет аталмыш орталықты құру жөніндегі жоспарды мақұлдады.

Мемлекет басшысының үкіміне сәйкес, қаржы орталығы 2017 жылдан кейін ЭКСПО қалашығының негізінде құрылады.