Астанада кәсіпкерлікті дамытуға 476 млн теңге бөлінді

433
кәсіпкерлік
Фото: bnews.kz

Астана. 4 қазан. 7kun.kz — Отбасылық немесе кішігірім кәсіпті дамытамын деген кез келген адам «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасы» аясында мемлекеттік қолдауға ие бола алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Рысгүл Қауғабаеваның сөзінше, бұл республикалық жаңа бағдарлама. Ол халықтың жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған бөлігіне арналған.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аталмыш бағдарламаның екінші бағыты – микронесиелендіруді жүзеге асырады.

«Биыл бізге 476 млн теңге бөлінді. Бағдарламаға төрт банк: «Халық банк», «АТФ банк», «Нұрбанк» және «Сбербанк» қатысады. Бүгінде бөлінген қаржы осы банктерге үлестірілді», — деді Рысгүл Қауғабаева.

Бағдарлама шартына сәйкес, несиенің ең жоғары сомасы 8000 АЕК-тен аспайды. Жылдық пайыздық мөлшері — 6 пайыз. Сондай-ақ, қатысушы кәсіпкерлер өз ісін жаңадан бастаушылар және жұмыс істеп тұрғандар болып бөлінеді.

«Жаңадан бастаушыларға — кәсібінің басталғанына үш жылдан аспағандар саналады. Олар кәсіпкерлер палатасында оқыту курсынан өтіп, одан соң жұмыспен қамту орталығынан жолдама алады. Содан кейін банкке барады. Онда өтініш саудадан бөлек барлық сала бойынша қабылданады. Егер банк кепілдеме талап етсе, «Даму» қоры кепілдік бере алады. Кепілдіктің 15 пайыз кәсіпкер, ал 85 пайыз кәсіпкерлікті қолдау қоры өз мойнына алады. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкер үшін кепілдік сомасы  50 пайыз құрайды», — деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы.

Айгүл Хожантаева