Астанадағы су тасқыны биліктің бақылауында

Астана
Фото: astana-akshamy.kz

Астана. 18 сәуір. 7kun.kz — Астана әкімдігінде ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті өкілдерінің жедел баспасөз мәслихаты өтті. Шара аясында мамандар Астана су қоймасында болған жағдайды түсіндірді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оған Сәтбаев атындағы канал басшылығы мен қаланың жауапты қызмет өкілдері қатысты.

«13-15 сәуір аралығында нөсер жаңбырдың салдарынан Есіл өзеніндегі су ағыны 340 млн текше метрге жетті. Қазгидрометорталығының хабарлауынша, түсім 100-ден 160 млн текше метрге жуықтайды деп болжанған. Ауа райының күрт жылынуына байланысты қар тез еріп, еріген қар суы жинала бастады», – дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

Оның айтуынша, бүгінде мамандардың үздіксіз жұмысының нәтижесінде 340 млн текше метрдің 90 млн текше метрі Астана су қоймасында қалды. Ал 250 млн текше метрі контрреттегішке бағытталды. Қазір жағдайды бақылауға алдық.

«Егер таңғы бесте секундына 1044 текше метр су түссе, 18:00-де су деңгейі секундына 150-200 текше метрге дейін төмендеді. Қазір Есіл өзеніндегі жағдай қалыпты, су басу қаупі жоқ. Нұра өзенінде 661 текше метр су бар, 2000 текше метрге дейін су жиналуы ықтимал. Жағдай бақылауға алынды. Қорғайтын бөгеттер бар, Астананың маңындағы елді-мекендерді су басу қаупі жоқ», – дейді ол.

Сонымен қатар, Астанада су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істейді. Кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатыр. Жоспарға сәйкес су басу қаупі бар 37 учаске белгіленді. Барлық учаскеде су тасқынына қарсы шаралар әзірленді. Майбалық көлінен Нұр — Есіл каналына дейін жағадағы бөгеттер бекітілді. Газмаш аппаратура зауытының ауданында өзен арнасын кеңейту жұмысы толықтай аяқталды. Есіл өзенінің арнасы кеңейтілді. Дайындалып жатқан арнаның жалпы ұзындығы – 1388 м.

Бүгінгі күні Кіші Талдыкөл көлінің ауданында (8,8 км) бөгеттер жасау мен бекіту жұмысы аяқталды. Ильинка тұрғын алабындағы бөгетті (6,7 км) нығайту жұмысы да тәмамдалды. Қала көшелерінен шығарылған қар 2016 жылдың 19 қазанынан 2017 жылдың 11 сәуіріне дейін 5 млн текше метрден асты. Бұл былтырғы маусымдағыдан екі есе көп. Биыл су тасқынына қарсы шараларға 1,4 млрд теңге қарастырылған, ол шығынды өтеуге жеткілікті. Азаматтардың өтінішімен су сору жұмысы жүргізіледі. Сәуір айында 6600 өтінім түскен, соның ішінде соңғы тәулікте 444 өтінім. Су сору жұмысы жүргізіліп жатыр. Күн сайын 3 ауданда су сору жұмысына 100-ден аса арнайы машина тартылады. Бұған қоса, қала әкімдігі 27 арнайы техника, 73 сорғыш құрылғы және мотопомпасын жұмылдырып отыр. Биыл 20 мың дана қап, 9 мың тонна инертті материал және 188 тонна жанар-жағармай әзірленді. Су тасқынының салдарын жоюға қаланың 125 адамнан тұратын шұғыл әрекет ету жасағы, 48 дана инженерлік техника – бульдозер, экскаватор, кран, жүк тиегіш және өздігінен түсіргіш тартылады. Қаланың коммуналды қызметтерінің тобы сақадай сай тұр, оның құрамына 97 адам, 55 дана техника, 7 мотопомпа, 40 ассенизаторлы машина, 5 тракторлы сорғыш, 2 сорғыш кіреді.