Атырауда 263,7 млн теңге салығын төлеуден жалтарған кәсіпкер сотталды

Атырау. 5 қазан. 7kun.kz – Оның жалған шот-фактураларды пайдаланғаны анықталды. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік кірістер органымен салық заңнамасының сақталуына тұрақты талдау жүргізіледі.

«Жүргізілген талдау нәтижесінде «БатысТехноСервисез» ЖШС-нің бұрынғы директоры коммерциялық ұйымның жалғыз басшысы бола тұра, 2018-2019 жылдар аралығында жалған шот-фактураларды пайдаланып, 263,7 млн теңге сомасына салық төлеуден жалтарғаны анықталды. Аталған залал облыс прокуратурасының Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданған талап негізінде расталды», – делінген хабарламада.

Серіктестік директорына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабының 3-бөлігі (Аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару фактісі) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.

Сот үкімімен кәсіпкер коммерциялық ұйымдарда 5 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан, сондай-ақ 3 жыл 4 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды.