Атыраудағы мұнай-химия паркінің құрылысына 1,8 триллион теңге жұмсалады

мұнай-химия

Атырау. 11 мамыр. 7kun.kz — Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия паркінде» (ҰИМП) жаңа газ-турбиналы станцияны және инфрақұрылымның басқа нысандарын салу кезінде 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Бұл туралы жұма күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігінің электр энергетика департаментінің директоры Бауыржан Сәрсенов хабарлады.

«Ұлттық индустриалды мұнай-химия паркі» АЭА-ның жеке инфрақұрылымының құрылысы шамамен 1,8 трлн. теңге қаражат тартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте құрылыс кезеңінде 5 мыңнан астам адам жұмылдырылады, ал кешенді пайдалану кезінде 2 мыңнан астам адам қызмет етеді», — деп мәлімдеді Б.Сәрсенов.

Департамент басшысы Атырау облысындағы ҰИМП-да заманауи мұнай-газ-химия кешенін дамыту жобасы «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында жүргізіліп жатқанын айтты. ҰИМП Қарабатан, Теңіз және Атырау секілді елді мекендерде орналасқан, аумағы шамамен 3,5 мың га.

Б.Сәрсеновтың айтуынша, осы мұнай-газ-химия кешенін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі үшін, сонымен қатар оны электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін ортақ турбиналы станцияның құрылысы басталып кеткен. Бұл жоба бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс шығындарын есепке алмағанда, станцияны құру келісім-шартының сомасы — шамамен 310 млн. доллар (56 млрд. теңге).