Атыраулық кәсіпкер көпбалалы отбасыға үйдің кілтін тапсырды

41
Фото: inform.kz

Алматы. 14 наурыз. 7kun.kz – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Атырау облысының Исатай ауданында аз қамтылған отбасыларына жаңа үйдің кілттерін табыс ету рәсіміне қатысты.

Жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Аманбаев Тұщықұдық ауылының тұрғынынан үй сатып алып, оны көпбалалы отбасына сыйлады.

«Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін, бірақ ыңғайлы сәт болмады, бір отбасына болса да көмектескеніме қуаныштымын», — дейді Алмас Аманбаев.

Жаңа үйге көшкен көпбалалы отбасының анасы Ақмарал Қадырова жетінші баласын күтуде, жақында «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған.

А. Қадырованың айтуынша, отағасы үзақ уақыт бойы жұмысқа орналаса алмаған.

«Елбасы өткен съезде мемлекет бір адам емес, барлық қазақстандықтар деген болатын. Сондықтан біз осындай шараларды қолдаймыз, өздерін ғана емес, жалпы қоғамды да ойлайтын адамдары бар ел бай болары сөзсіз», — деді Елжан Біртанов кәсіпкерге алғысын білдіріп.

Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиевтің айтуынша, өңірде кәсіпкерлердің бастамасымен көптеген қайырымдылық шаралар атқарылған.

«Ауданымызда кәсіпкердің қолдауымен баспанаға ие болып отырған алғашқы жанұя. Мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Себебі, жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетемін деушілердің қатары көбейіп келеді», — деді Марат Мурзиев.

Айта кетейік, ауданда күнкөріс есебінен төмен табыс табатын 140 отбасы бар.