Авиациялық қауіпсіздік деңгейі жөнінен Қазақстан озық елдер қатарына енді

қаціпсіздік
Фото: Казинформ

Алматы. 31 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитінен табысты өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестігінің жоғарғы деңгейін дәлелдеді, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігі.

ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің ИКАО талаптарына сәйкестігі ресми түрде 83 пайызды құрап, 2009 жылғы аудиттің қорытындысы 62 пайызбен салыстырғанда 21 пайызға жоғарылады.
Қазақстанның жаңа көрсеткіші орташа әлемдік деңгейден (72 пайыз) 11 пайызға асып тұр. ИКАО аудиті — мемлекеттің азаматтық авиация саласының қауіпсіздік жүйесін бағалаудағы ең объективті құралдардың бірі. Елеулі ескертпелер мен ИКАО аудитінің төмен бағалауы басқа елдерге ұшуға тыйым салу сияқты шектеулерге алып келуі мүмкін.
2017 жылдың қараша айында ИКАО комиссиясы әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеру мақсатында авиациялық қауіпсіздік бойынша аудит жүргізді. Сарапшылардың бағалауы 480 мәселе бойынша жүргізілді. Ал, 2009 жылғы аудитті өту кезінде тексеру 299 мәселе бойынша жүзеге асырылған болатын. Бұл авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ИКАО талаптарының күшейтілгенін көрсетеді.
Бұл ретте, мемлекеттердің ИКАО тексерісінен өту қиындап тұрған тұста халықаралық сарапшылардың тарапынан Қазақстанның жоғары баға алуы көрсеткіштің маңыздылығын арттыра түседі. 2017 жылғы Аудит қорытындысы бойынша, авиациялық қауіпсіздік деңгейі жөнінен Қазақстан әлемдегі озық елдер қатарынан орын алды.