Қазақстан 2018 жылы 300 млн долларға дейін ислам құнды қағаздарын шығарады

812
ислам
Фото: akorda.kz

Аcтана. 7 қыркүйек. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев исламдық қаржыландыру саласындағы жаһандық сыйлықты тапсыру салтанатында мәлімдеді, деп хабарлайды akorda.kz. 

«Менің бастамаммен 2010 жылы Қазақстанда тұңғыш ислам банкі – «Әл-Хилал» банкі құрылды. 2012 жылы Қазақстанның даму банкі алғаш рет «Сукук» ислам облигацияларын шығарды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 240 миллион Малайзия рингитін құрайтын облигациялар сәтті өтелді. 2018 жылы 300 миллион долларға дейінгі мемлекеттік ислам құнды қағаздарын (тәуелсіз сукук) шығару жоспарланып отыр»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ислам қаржысының маңызды бағыты ретінде әлеуметтік жобаларды, білім беру және ағарту шараларын қаржыландыруды атап өтті.

«Қазақстан үшін Ислам даму банкімен жұмыс істеудің маңызы зор. Ол ислам қаржысы мен банкингі индустриясын дамыту ісінде Қазақстанның басты әрі стратегиялық серіктесінің бірі саналады. Бүгінде Банк тобы тартқан займдар есебінен жалпы құны 500 миллион долларға жуық 23 жоба іске асырылды. 900 миллион долларды құрайтын жаңа 12 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деді Қазақстан Президенті.

«Рейтер» агенттігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан 2015 жылы ислам инвестициясы үшін қолайлылығы жағынан 5-орынға ие болған.

Айгүл Хожантаева