Ресей банктері ҚР кредит нарығындағы позициясын жоғалта бастады

кредит
Фото: tvoyaparallel.ru

Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz — Қазақстандағы еншілес банктер қарыздарының жалпы көлемі бір жылда 161 млрд теңгеге қысқарды. Бұл туралы ranking.kz хабарлады.

ҚР екінші деңгейлі банктерің (ЕДБ) бір жылдағы қарыз портфелі 2017 жыл ақпанында 3,1 пайызға қысқарып, 15,14 трлн теңгені құрады. Ал 2016 жылы ақпанда бұл көрсеткіш 15,62 трлн теңге болған.

Ресейдің Қазақстандағы 4 еншілес банкінің жалпы кредит көлемі 11,3 пайызға азайып, 1,27 трлн теңгені көрсетті. Ал олардың ЕДБ-дің қарыз портфеліндегі үлесі 9,1 пайыздан, 8,4 паызға түсті.

Айта кетейік, ҚР банк нарығындағы Ресейдің ең ірі банкі – Сбербанк. Кредит көлемі бойынша 4 орында. 2017 жылдың ақпандағы кредит көлемі 135,7 млрд теңгеге (12,6%) азайып, 940,3 млрд теңгені құрады.

Екінші орындағы ірі еншілес банк – Альфа-Банк. Оның қарыз портфелі осы жылдың ақпанында 20,9 пайызға төмендеп, 125,7 млрд теңге болды.

2016 жылдың ақпанынан 2017 жылдың ақпанына дейінгі аралықта өсім байқалған жалғз банк — Хоум Кредит Банк. Банктің кредит көлемі бір жылда 21,3 млрд теңгеге (21,1%) өсіп, 122,1 млрд теңгені көрсетті. Кредит сапасы да жақсарды. 90 күннен артық мерзімі өтіп кеткен кредиттер көлемі 8,7 пайыздан 4,4 пайызға дейін төмендеді.