Қазақстан банктерінің активтері 24,2 трлн теңгені құрады

активтері
Фото: newssawansahil.com

Алматы. 25 шілде. 7kun.kz – 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 32 банк жұмыс істейді. Банк секторының жиынтық активтері 2018 жылғы 1 шілдеде 24 255,5 млрд теңгені (ұлғаю жылдың басынан бері 0,4%-ды) құрады.

Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 51,3%, бағалы қағаздар портфелі – 19,0%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 12,0% иеленді.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 179,9 млрд теңгені немесе несие портфелінің 8,75%-ын құрады.

Несие портфелі бойынша провизиялар 1 893,6 млрд теңге немесе несие портфелінің 14,0%-ы (2018 жылдың басында – 2 126,4 млрд теңге немесе 15,6%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 21 210,7 млрд теңгені (жылдың басынан бастап ұлғаю 0,4%-ды) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 79,6%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 5,8%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 2,9%-ды иеленеді.

Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда 5,56%-дан 5,35%-ға дейін (1 102,4 млрд теңгеге дейін) төмендеді.

2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-маусымда 0,5%-ға ұлғайып, 3 044,8 млрд теңге болды. Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 321,2 млрд теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тиісінше 5,44% және 4,28% болды.