Халық банкі өткен жылы не істеді? Шаяхметова не дейді?

Халық

Бүгін Алматыда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ  өткен жылдың 2017 жылдың есебін жариялап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Өткен жылы банк саласында бірнеше ерекше оқиға болды. Соның бірі  — Халық банкі Qazkom-ды сатып алды. Бүгін Үміт Шаяхметова бұған ерекше тоқталды.

«Біз қазір банк нарығының 35,2 пайызын иеленіп отырмыз. Биылғы жылға басты мақсатымыз – жүйе құрушы банктер мен топтың сақтандыру компанияларының бірігу процесін аяқтау. Halyk  тобының компаниялары клиенттер үшін жоғарғы сападағы сервиспен бірге өнімдер мен қызметтер ұсына алады», — дейді Қазақстан Халық Банкінің Басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова.

Сонымен қатар, басқарма төрайымы биыл комиссия мөлшерін төмендетуді көздейтінін жеткізді. 

«Елімізде ипотекаға қатыспайтын банктер баршылық. Ал «Халық банк» әрдайым ипотека арқылы халыққа несие беріп келеді. Жалпы біз мемлекеттік бағдарламаларға иек артпастан ипотека бойынша біраз жеңілдіктер қарастырдық. Атап айтқанда: жалақысын халық банк арқылы алатын тұлғалар, ауқымды ұлттық компаниялардың қызметкерлері, сонымен қатар біздегі «Халық Sale» бағдарламасы бойынша ипотека 8 пайызбен беріледі. Ол бойынша егер біздегі проблемалы активтердің сатып алушысы болсаңыз, яғни, «Халық банк» арқылы проблемалы объектіні төмен пайызбен несиеге ала аласыз. Осы жылы позитивті жаңалықтарымыз көп. Депозит бойынша да солай. Интеграция шеңберінде тарифтер төмендетіледі. Тұтынушылар Казком мен Халық банк банкоматтарынан комиссиясыз ақшаларын ала алады. Сонымен қатар интернет банкингті дамыту мақсатында комиссия төмендетіледі»  — дейді Үміт Шаяхметова.

Ол сондай-ақ «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын «теңдессіз» дегенімен, «жүзеге асуы күрделі», дейді. 

«Бұл бағдарлама еліміздің тұрғындары үшін тамаша мүмкіндік. Арзан пайызбен 25 жылға пәтер алуға болады. Дегенмен, бұл бойынша деталдар әзірге нақты емес. Ұлттық банк жанынан ипотекалық кредиттерді сатып алатын арнайы еншілес ұйым құрылмақ. Менің ойымша бір қарағанда бұл  өте қиын схема. Біз бұдан қарапайым, жеңілірек схема ұсынғанбыз. Барлық процесте имплементация мен мониторинг күрделі. Біз қарапайым схема ұсынамыз: банктер арқылы стандартты ақша орналастыру. Мысалы: 3% сыйақымен + қаржы институтының маржасы – 4%. Несие алушы үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі – 7%. Мұндай жағдайда бағдарлама қаржыны жылдам игеруге және қаражатты бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай бағдарлама 2009 жылы елімізде болған. Ол кезде қаражат бірнеше айда-ақ игерілген Бұл енді менің ойым.  Ұлттық банктің схемасы қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Ал, жалпы алғанда  бұл позитивті бағдарлама».

Мәслихатта журналистер тарапынан несие рәсімдеуде ҰБ ұсынысы бойынша комиссияны алып тастау жөніндегі сұрақ қойылған еді. Шаяхметова ханым Ұлттық банктің барлық бастамаларына қатысып, өзара талқылайтын, алайда оған біржақты қарай алмайтынын, негізінде банк жүйесі комиссиялық кіріске сүйенетінін, егер мүлде алып тастаса, банктің өмір сүруіне де негіз жоқ екендігін айтты.

2017 жылы банктің қаржылық көрсеткіші мынандай болған:

2017 жылы Halyk тобының таза кірісі («Казкоммерцбанк» АҚ (Qazkom) көрсеткіштерін қоса алғанда) 173,4 млрд теңгені құрады, бұл 2016 жылғы нәтижеден 32 пайызға артық. Qazkom тобын ескермегенде, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның таза кірісі 2016 жылмен салыстырғанда, 25 пайызға өсіп, 154,3 млрд теңгені құрады. Qazkom тобының 2017 жылғы таза кірісі (Halyk тобымен біріктіру сәтінен бастап) 16,6 млрд теңгені құрады. Қазақстан Халық банкі Қазақстан бойынша 22 филиал мен 467 бөлімшелерді, сондай-ақ  2 367 банкоматтар, 576 төлем терминалдары,  360 мультикиоскілер; 10 909 POS-терминалдар мен 9 851 мобильдік POS-терминалдары бар ауқымды ұйым.

Halyk тобының активтері 2016 жылы 31 желтоқсанмен салыстырғанда, 2017 жылы 65,6 пайызға өсіп, 8 858 млрд теңгені құрапты. 2018 жылы 1 қаңтарда активтері 3 574 млрд теңгені құраған Qazkom тобын сатып алу Halyk тобының активтері өсуінің негізі драйвері болған көрінеді.

Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысты

Банктің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік қорымен белсенді серіктестігі 2017 жылы да жалғасқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары бойынша Халық банкі бағдарламаға қатысушы банктер арасында пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау мақұлданған жобалар саны бойынша (1 910 жоба) — сенімді түрде бірінші орынға және субсидияланатын портфельдің көлемі жағынан (263,8 млрд тенге) екінші орынға ие болуда.

Халық банк жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынатын қарыздар бойынша кепілдік беру бағдарламасы «Даму» қорымен серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты болып табылады. Осы бағдарлама басталған кезден бастап Халық банкінің клиенттерімен 834 кепіл шарты жасалды, бұл бағдарлама шеңберінде шығарылған кепілдіктердің жалпы көлемі (3 747)  22,3 пайызды құрайды. Ақшалай көрсеткіште «Даму» қоры кепілдіктерінің Халық банкі клиенттері үшін жиынтық көлемі 13,5 млрд теңгені немесе осы бағдарлама бойынша шығарылған кепілдіктердің жалпы сомасының 23,5 пайызын құрады. Осы көрсеткіштердің әрқайсысы бойынша және жалпы алғанда, банк бағдарламаға қатысушы банктердің арасында тұрақты түрде бірінші орынға ие болып келеді.

Сонымен қатар, банк шағын және орта кәсіпкерлерді (ШОКС) қаржыландыру бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі саласында ШОКС-қа қолдау көрсету бағдарламасы шеңберінде мемлекет осы бағдарламаны іске асыру үшін бөлген 32 млрд теңгеден банк 74,6 млрд теңге сомасында 310 жобаны қаржыландырды (қайта игеруді есептегенде). Бөлінген және игерілген қаражаттың көлемі бойынша Халық банкі үздік үштіктің қатарында.

ШОКС-ты аймақтық қаржыландыру бағдарламасы бойынша банк пен «Даму» қоры арасында  жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге 24 келісім жасалды. Бүгінгі күні банк бағдарлама қаражатын бастапқы игеру бойынша жұмыс жасауда, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша оның 80 пайызы игерілді.

Халық Банк 2017 жылдан бері Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысады. 2017 жылғы 31 желтоқсаннан бері осы бойынша банк Алматы, Астана қалаларында және Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола сияқты 10 облыста жұмыс істеп келеді.  Бұл кезде банкте орналастырылған қаражат сомасы 3,156 млрд теңгені құрап отыр.

2017 жылғы желтоқсанда банк «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыруды бастап (тұрғын үй құрылысын жеке құрылысшылардың салуын ынталандыру бағытының аясында) бірінші субсидиялық шартты бекітті.

Міндеттемелер

Заңды және жеке тұлғалардың қаражаты корпоративтік клиенттер 2017 жыл ішінде орналастырған теңгедегі және шетел валютасындағы жаңа депозиттерді тарту нәтижесінде, сондай-ақ Qazkom тобының көрсеткіштерін шоғырландыруға байланысты 2016 жылы 31 желтоқсанмен салыстырғанда, сәйкесінше 43,8 пайыз және 81,0 пайызға өсті.

Кредиттік мекемелер қаражаты 2016 жылы 31 желтоқсанмен салыстырғанда, негізінен 2017 жылы Qazkom тобының көрсеткіштерін қосу есебінен 57,4 пайызға ұлғайды. 2016 жылы 31 желтоқсанда банктің кредиттік мекемелер алдындағы міндеттемелерінің жартысынан астамы негізінен 2014-2017 жылдары «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тан және «Қазақстанның даму банкі» АҚ-тан экономиканың жекелеген секторларын қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде алынған қарыздардан құралды.

Halyk тобының борыштық бағалы қағаздары

31.12.2017 ж.

Борыштық құралдың атауы Айналымдағы номиналды сомасы Купон, жылдығы % Өтеу күні
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ шығарған
Еурооблигациялар $ 500 млн 7,25% қаңтар 2021
Қазақстандық заңнама бойынша шығарылған облигациялар ₸ 100 млрд 7,5 % қараша 2024
Қазақстандық заңнама бойынша шығарылған облигациялар ₸ 131,7 млрд 7,5 % ақпан 2025
«Казкоммерцбанк» АҚ шығарған *
Еурооблигациялар $ 300 млн 8,5 % мамыр 2018
Еурооблигациялар $ 750 млн 5,5 % желтоқсан 2022
Қазақстандық заңнама бойынша шығарылған облигациялар ₸ 94,2 млрд 8,75% қаңтар 2022
Қазақстандық заңнама бойынша шығарылған облигациялар ₸ 59,9 млрд 8,4 % қараша 2019
Тәртіптелген купондық облигациялар ₸ 101,1 млрд 9,5 % қазан 2025
Тәртіптелген купондық облигациялар ₸ 3,5 млрд 8,9 % * сәуір 2019
Тәртіптелген купондық облигациялар ₸ 10 млрд 8,0 % * қараша 2018

*  Инфляцияға индекстелген (қазіргі сәттегі купон келтірілген)

Halyk тобының меншікті капиталы 2016 жылы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда, 2017 жылы 40,4 пайызға ұлғайып, 934 млрд теңгені құрады.  Топ капиталының 2017 жылы өсімі негізінен Qazkom тобын сатып алуға байланысты. Осы мәміленің әсерін ескермегенде Халық банкінің капиталы 2017 жылы 2016 жылы бөлінбеген пайдасын капиталдандыру есебінен 27,3 пайызға  784 млрд теңгеге дейін ұлғайды.