Қазақстанның сән индустриясы — соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келе жатқан саланың бірі. Сән апталықтары, шоу-рум, бренд — жаңа бизнес түріне де айналып үлгерді. Бұл бизнестің «ішкі әлемі» туралы толығырақ білу үшін Ninety One сияқты жұлдыздарды «киіндіретін» жас дизайнер Биботамен сұхбаттасқан едік.

— Осы саладағы мамандарға жиі қойылатын сұрақтың бірі — кәсіби оқу қажет пе?  Көбінде дизайнерлерге шығармашылық еркіндік пен талант қажет дейді. 

— Иә, бірінші оқу керек. Кәсіби маман болу үшін базалық білім міндетті. Ол үшін барлығын жан-жақты оқып білу керек. Басқа дизайнерлер туралы да ақпарат болу керек, олар бұл жолға қалай келді, олардың қандай топтамалары бар, қай жылдары қандай үлгілер трендте болды. Мысалы, қазір 80-ші жылдардағы сән қайтадан келіп жатыр. Оқу орнында тігістің түрлерін, пішіндеп кесуді үйретеді. Екіншіден, бағытың мен стиліңді анықтап алу міндетті.

— Сіздің жолыңыз қалай басталды?

— Бір пайыз талант және тоқсан тоғыз пайыз жұмыс керек деген сөз бар ғой, толықтай келісемін. Мен осы салада жұмыс істеу үшін білім алдым. Т.Жүргенов атындағы колледжді бітірдім. Әрине, ең бастысы — талант. Талант пен талғамың болмаса, қанша тырыссаң да, қанша қаржы салсаң да ештеңе шықпайды. Кез келген жұмыстың қиындығы бар тәрізді, дизайнерлік те оңай сала емес. Ал кәсіби түрде араласа бастауым конкурс арқылы болды. Қазақстан сән апталығы (Kazakhstan Fashion Week) арнайы конкурс ұйымдастырып,  ТМД елдері бойынша дизайнерлер қатысты. Екі жүздей адамның ішінен эскиз арқылы таңдалып, 11 адам финалға өттік. Бізге коллеция тігіп шығаруға үш апта уақыт берді. Авангардты яғни стандартты емес материалдарды пайдалануымыз керек еді.  Сол конкурстан екінші орын алып, Қазақстан сән апталығына грант берді. Ол арқылы мен өз топтамамды ақысыз түрде көрсете алатын болдым. Сол кезде 19 жаста едім. Қатты қуандым. Бірақ қаржыны көп талап етеді. Материалға, тігуге кететін барлық шығынды өзің көтеруге тиіссің. Кейбіреулер сол үшін кредит алып жатады, кейбірінің демеушісі болады. Ал маған ол жағынан ата-анам үлкен қолдау көрсетті. Алғашында 2 жылға жуық мүлде пайда көрмедім, енді ғана табыс тауып жатырмын. Дизайнерлік тек сыртынан ғана оңай сияқты көрінеді. Оған шыдамдылық керек. Алғашқы 1-2 жыл сынау мерзімі сияқты. Егер одан өтсе, онда компания сақталады.

— Өзіңіз тігесіз бе?

— Иә, өзім тіге аламын. Бірақ басқа жұмыстарым да көп болғандықтан, уақыт жетіспейді. Сол үшін қазір тігіншілер жалдаймын. Ал дизайн мен эскизді өзім сызамын.

 — Ал сізге өз тігін шеберханаңызды ашуға қанша уақыт кетті?

— Ательені ашқаныма бір жыл болды. Алғашында бір машинкамен, бір тігіншімен бастағанмын. Кәсіби мамандар аз. Киім адамда жақсы отыру үшін сызба үлгісін шығаратын, сосын матаны пішіндеп кесе алатын 10-20 жылдық тәжірибесі бар адамдар керек. Қажет қызметкер тапқанша басында барлығын өзім істейтінмін. Кейін бірнеше рет ауыстырып, көңілімнен шығатын шеберлер таптым. Командамен жұмыс істеу алғашында қиын болғаны рас, кейінірек үйренді. Мінезі жағынан да, кәсіби деңгейі жағынан да үнемі жақсы адамдар кездесті.

— Киімнің қағаз бетіне түсуі мен оның тұтынушының қолына тигенге дейінгі аралықтағы процесс қалай жүреді?

— Ол екі түрлі жолмен болады. Кейбіреулер арнайы тапсырыс береді. Сатылымда, коллекцияда жоқ жаңа дүние тіктіртеді. Оған шамамен алты күндей уақыт кетеді. Тапсырыс берушімен бірге киім үлгісін ойластырып, эскизін сызамыз. Сосын оны конструктормен ақылдасып сызбаүлгісін жасаймыз. Одан кейін клиент киіп шақтап көреді. Егер тұтынушының көңілінен шықса, киімді тігуге кіріседі. Екіншісі ол – масс-маркет. Яғни дүкендерге стандартты өлшемдер бойынша арнайы бір коллекция тігеміз. Оған шамамен бір ай уақыт кетеді.

Кәсіпті бастағанда бизнес-жоспар болған жоқ

— Ательенің өзі де шағын кәсіп. Бизнес-жоспарды қалай жасадыңыз?

— Шығармашылық адамы болғаннан кейін бе ондайға қатты мән бермедім. Бизнес-жоспар болған жоқ. Алдымен «Бибота» деп брендтің атын пайда болды. Кейін графист досым эмблема жасап берді. Енді ғана барлығын біртіндеп, рет-ретімен жасалып жатыр. Дегенмен, алдағы бес жылға жоспар бар.

— Алғашқы бюджет қандай болды?

— Шыны керек, нақты есімде жоқ. Негізі қаржы жағынан ата-анам көмектесті. 

— Қазіргі жастардың талғамы қаншалықты өзгерді? Жастар нені қалайды?

— Жастар көбінесе спорттық киімдерді жақсы көреді. Қазіргі уақытта сәнде “oversize” стилі мен “unisex” киімдер. Яғни кең өлшемді киімдер және қыздар да, ұлдар да кие беретін киімдер. Менің негізгі аудиториям да — солар, жастарға бағытталған. Шыны керек, ересектерге тігу қиындау. Олардың дене бітімінің де өз ерекшеліктері бар.

— Кейде әлеуметтік желілерде бағаның қымбат екендігі талқыланып жатады. Осыған келісесіз бе? Жалпы бағаны қалай қоясыз?

— Негізгі себеп — Қазақстанда өндірілмейтіндіктен маталар қымбат. Материалдар шет елден әкелінеді. Тігу де қымбат. Онымен қоса дүкендер үстіне пайыз қосып сатады. Сауда орталықтарында жалға алу құны да өте жоғары. Қызметкерлерге төленетін жалақы да қосылады. Сол шығындардың орнын толтыру керек. Бірақ тауарларымның бағасы қатты қымбат деп ойламаймын. 7 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін. Мысалы, пальтолар 30-50 мың теңге аралығында. Ол матаға да байланысты, жақсы, табиғи маталар өте қымбат тұрады.

— Құпия болмаса қала ортасынан жалға алуға қанша қаржы жұмсалады?

— Ал шеберханамның жалға алу құны — 150 мың теңге. Меніңше бұл бағаға осындай ғимарат табу оңай емес. Мен ұзақ уақыт іздедім. Маған үнемі жертөлелер ұсынатын. Ал жақсы жерлерді жалдау 200 мыңнан асып кетеді. Көп іздеп осы жерді таптым, өзімнің көңілімнен шығады.

— Жиі танымал әншілермен немесе актрисалармен фотосессия жүргізесіз. Брендтің дамуына, маркетингке қаншалықты көңіл бөлесіз?

— Барлық PR мамандар маркетинг бірінші орында деген кеңес берді. Яғни көзге түскен сайын адамның ойында қалып қоясың. Кейінірек тек көріп қана қоймай, сатып алуға да ұмтылады. Әрі танымал жұлдыздармен фотосессия жасау арқылы өзім де таныламын.

 — Интернет-дүкеніңіз бар. Әлеуметтік желілерде қалай жарнама жасайсыз?

— Әлеуметтік желідегі парақшама адам жинау үшін қандай да бір қосымшаларға жүгінбегенмін. Өздері жиналады. Қазір шамамен екі жылда жиналған 53 мыңға жуық тіркелушім бар. Әсіресе соңғы жылы қарқынды көбейді. Негізінен ғаламторда арнайы ақылы түрде жасалатын жарнамаларға жүгінемін.

— Өз дүкеніңізді ашу ойыңызда бар ма?

-Әрине бар. Бірақ ол көп қаражатты талап етеді. Дүкен үлкен болғандықтан тауар да көп болу керек. Ол үшін қызметкерлер қажет. Ал кәсіби мамандарды табу жоғарыда айтқанда  өте қиын. Мен дүкенімді базарда ашқым келмейді, ал қалада орынды жалға алу қымбат. Сондықтан осы шеберханама аздап жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шоу-рум жасаймын деп жоспарлап отырмын. Әзірге дүкен осында болады.

— Bibotta бренді Ninety One арқылы танылды деп айтуға бола ма? Ол топқа қатысыңыз болмағанда бренд ретінде танылу қанша уақыт алар еді?

— Ninety One-мен жұмысты бір жыл бұрын бастадым. Негізінде оған де мені өнер адамдары мен қарапайым адамдар таныған еді, басқа жұлдыздармен де жұмыс істегенмін. Ал топтың маған стильдері ұнады әрі олар да, мен де енді ғана көтеріліп келе жатқан едік. Жігіттерге арнайы киім тігіп, сән жағынан арнайы стиль қалыптастырдым. Ал олар маған PR болды. Қазір  Ninety One талантынан бөлек ең сәнді топтардың қатарында.

Биботаның эскизі

Қазақстан нарығы өз-өзін ақтайды 

— Сіз жүргізіп отырған жобаның бірі – QG. Білуімізше, бұл Ерболат Беделхан екеуіңіздің араңыздағы серіктестік. Бұл бренд қалай ерекшеленеді? Аудиториясы қандай?

— Ия QG-ді көп шатастырады. QG бренді Juz Entertainment-ке, яғни Ерболат Беделханға тиесілі. Мен тек дизайнермін. Эскиздерін саламын, олардың шығуын қадағалаймын. Кей киімдер бізде, кей киімдер басқа цехтарда тігіледі. Екеуіміз бірге бастадық. Брендтің атын мен қойдым. Q-Generation — қазіргі қазақ жастарының стилі деген мағынаны білдіреді. Негізінен Ninety one тобының фанаттарына арналады.

— QG мен Bibotta брендерінде баға айырмашылықтары бар. Мұны қалай түсіндіре аласыз?

— QG-де баға төменірек. Себебі жанкүйерлерінің көбісі оқушылар мен студенттер. Сондықтан соларға лайықталып, қолжетімді бағалар қойылған. Ол көпшілікке арналған болғандықтан, қарапайым киімдер. Ал менде жүйе басқаша. Bibotta-да тауарлар басқа матадан тігіледі әрі конструкциясы да қиындау, сондықтан бағада айырмашылық бар.

— Қазақстанның сән әлемінде жүргеніңізге бірнеше жыл болды. Қаншалықты даму бар?

— Осыдан бес жыл бұрын сәнге аса қызығушылық болмады. Қазіргімен салыстырғанда деңгейі төмендеу еді. Индустрияда ілгерілеулер үш жыл бұрын басталды. Сол кезден бастап адамдар дизайнерлік жұмыстарды шындап қабылдай бастады. Ал қазір динайлерлер өте көп. Деңгей жақсы. Көптеген мықты дизайнерлер бар. Тіпті шет елдерге шығып жатыр. Меніңше, жылдан-жылға осы қарқынмен жалғаса берсе, Қазақстан сән индустриясы жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

— Біздегі көпшілік отандық дизайнерлерге баға тұрғысынан наразылық бар. Баға қымбат ол тек танымал тұлғаларға қол жетімді дейді. Осыған келісесіз бе? Жалпы баға қалай белгіленеді?

— Баға әртүрлі қойылады. Оны бренд иесі өзі шешеді. Кейбірі тек дәулетті адамдарға тіккісі келеді. Олар маталарды Италиядан алып келеді. Ал оның бір метрі он мың теңге тұрады. Бір көйлек тігуге кемінде 2-3 метр мата кетеді. Қосымша тігуге кететін шығындар да бар. Сонымен бағасы 60-70 мыңға шығып кетеді. Орташа 20-30 теңге көлемінде киімдер тігетін дизайнерлер де бар. Кейбірі орта кластан төмен, өте арзан бағада тігіледі. Маталары да соған сәйкес болады.

— Еліміздің нарығында тауар шығыны өзін-өзі ақтайды ма?

— Әрине, ақтайды. Бәріне бірдей тіге алмайсың ғой. Әр дизайнердің өз тұтынушылары болады. Қымбат киім болсын, арзан киім болсын өз шығынын ақтайды.

— Қазақстан сән апталығына шығу үшін не істеу керек?

— Алдымен оларға өз эскиздеріңді немесе дайын коллекцияңды жібересін. Сол бойынша лайықтылары таңдалады. Ол ақылы түрде өтеді. Қазақстан сән апталығына қатысу 1000-2000 доллар. Ал Mersedes Benz fashion week-ке қатысу мың жарым доллардан екі мың долларға дейін.

— Жас дизайнерлерге қандай кеңесіңіз бар?

— Ең бірінші оқындар дер едім. Ең бастысы талпыныс және жан-жақты болу керек. Өз саласына байланысты білім жинақтауы керек. Бірнеше жыл тәжірибе қажет. Киім тіккенде сенің ойыңдағы дүние бірден пайда болмайды. Алғашында басқаша елестетесің де, материалды жинаған кезде басқаша көрінеді. Ол бірте-бірте келетін қабілет. Маталарды, олардың түсін үйлестіре білуді уақыт өте үйренесің. Бірден мықты болып кету мүмкін емес. Сондықтан оқыңдар!

Әңгімелескен Мөлдір ИМАНМӘДИ «7»