Қазақстанда қандай дүкендер жабылды?

Фото: vivalowcost.com

Бүгін Forbes.kz cайты Қазақстанда «Мегаспорт» дүкендер желісінің барлығы жабылатыны туралы жазды. Компания өкілдері жабылуға не себеп екені туралы ақпарат беруден бас тартқан. Ал бұдан бұрын елімізде бірнеше дүкендердің жұмысын тоқтатқаны белгілі. Олар қандай дүкендер?

Logycom

2016 жылдың мамыр айында Logycom компаниясы Қазақстандағы бөлшек дүкендерін жапты. Logycom-ның жабылғанға дейін Қазақстанда 37 желісі болған. Негізі компания 1992 жылдың 1 сәуірінде тіркелген. Алғашқы кезде компания радиоэлектронды және есептік техника құралдарын жөндеу жұмыстарымен айналысқан. 1994 жылы  Intel компаниясының құралдарын пайдалана отырып компьютерлерді құрастыра бастады. 1995 жылы компания құрлдарды көрсету залы мен қызмет көрсету орталығын ашады. Ал үш жылдан кейін Logycom-ның Алматы қаласында үш дүкені ашылады. 2012 жылдан басап электронды сауда жасауды жүзеге асырды.

Айта кетейік, 2016 жылдың 3 тоқсанында әлем бойынша дербес компьютерлердің сатылымы 3,9%-ға төмендеген. International Data Corporation (IDC) сарапшыларының мәліметінше, өткен жылдың 9 айында сатылған құрылғылар саны 68 млн дананы құраған.

Logycom — Қазақстандағы бөлшек сауда желілерін жапқан алғашқы электроника дүкені.

GreenMart

2016 жылдың тамызында Алматыда ең ірі гипермаркеттер желісінің бірі GreenMart жабылды, сауда орталығы Сүйінбай мен Райымбек даңғылдарының қиылысында орналасқан еді. Қазіргі кезде бұл дүкеннің орнына Magnum Cash&Carry сауда желісі орналасқан.  GreenMart Алматыдан бөлек Астанадағы супермаркетін де жапты.

Сауда желілерін жабудан бұрын Green 1 мыңнан астам тауар түріне 90%-дық жеңілдік жариялаған еді.

Алматыда жабылған ірі супермаркет желісі бұл ғана емес. 2016 жылдың мамырында «Рамстор» желісі 6 мың шаршы метрлік аумақта орналасқан «Алтын Тараз» сауда орталығының жұмысын тоқтатты. Одан бұрын  Prime Plaza сауда орталығындағы «Парад» супермаркеті де жабылды. Ал 2015 жылы ірі еуропалық желі Metro-да Алматыдағы дүкендер желісінің біреуінің қызметін тоқтатты.

 Kira Plastinina

Ал өткен жылдың қараша айында Қазақстанның сауда орталықтарында Kira Plastinina брендінің бутиктері жабыла бастағаны белгілі болды. Forbes.kz сайтының жазуынша, соңғы кезде 1,5 млн доллар инвестиция салынған Қазақстандағы дүкен желілері саны азайған. 2014 жылы Қазақстанда аталған брендтің 25 дүкені жұмыс істеген, компания жоспары бойынша олардың саны әлі де өсуі тиіс еді.

Алайда жарты жыл бұрын Kira Plastinina бутиктері жабыла бастады. Қазір Алматыда компанияның бір ғана дүкені бар, MEGA Park сауда орталығында орналасқан дүкеннің сөрелері де жартылай бос.

Сауда кешендерінің көпшілігі, ресейлік бренд бутиктерінің жабылғанын растағанымен, оның себебін айтудан, толығырақ түсіндіруден бас тартқан. Ал брендтің «Вконтакте» әлеуметтік желісінің парақшасындағы модератор дүкендердің жабылуына олардың тиімсіздігі себеп болғандығын хабарлаған.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, қазір Кира Пластинина желісінің дүкендер саны әлдеқайда қысқарған.

Бұл дүкендер ресейлік кәсіпкер Сергей Пластининнің қызы, дизайнер Кира Пластининаға тиесілі. Ол 2007 жылдан бастап Kira Plastinina деген брендпен алғашқы бутиктерін ашқан еді. Ал 2008 жылдың ақпанында Астанада стиль дүкені жұмысын бастады. Кира Пластининаның өзі хабарлағандай, Қазақстандағы желіні ашуға 1,5 млн доллар салынған.

Oodji

Бұл компанияның дүкендер желісі әлі жабыла қойған жоқ. Дегенмен осы жылдың қаңтар айында Dostyk Plaza ойын-сауық орталығының қаржы директоры Алексей Хегай ресейлік Oodji компаниясы Қазақстандағы дүкендерінің санын қысқартатынын мәлімдеді.

Оның сөзінше, кейбір ресейлік компаниялар Қазақстанның ретейл нарығынан кетуді жоспарлап отыр. «Ресейлік брендердің қазақстандық нарықтан кетуінің себебі — дүкендердің тауарлары аса өтімді болмады, кірістен гөрі шығындар көп болды. Ал Ресейде дағдарыс басталған кезде ақшаны есептеп, әр аймақтағы дүкендердің тиімділігі қандай екеніне мән бере бастады. Мысалы Oodji-дің операторы бірнеше рет ауысты. Сондықтан олар қазіргі кезде бәрін есепке алуда. Дүкендер санын оңтайландырып, тек негізгі орталықтарын ғана қалдыруға талпынып отыр», — деді Алексей Хегай.

Oodji – жастарға арналған киім сататын ресейлік компания. 1998 жылы Санкт-Петербургте негізі қаланып, 2011 жылға дейін Oggi деген атауға ие болды және тек әйелдерге арналған киімдер мен аксессуарларды сатумен айналысқан. Кейін дүкендер ассортиментіне ерлер мен балалар киімі қосылды.