Қазақстанда медициналық қызмет түрлері қымбаттады

медициналық
Фото: zubki.kz

Алматы. 27 қыркүйек. 7kun.kz — Қазақстанда 2017 жылдың тамыздағы қорытынды бойынша бір жылдың ішінде дәрігерлердің алғашқы қабылдауы 9,6 пайызға, тіс жұлдыру — 10,4 пайызға, мойынға массаж жасау — 6,8 пайызға қымбаттаған. Бұл туралы energyprom.kz сілтеме жасап inform.kz хабарлады.

2017 жылы шипажайлар қызметінің құны 7,4 пайызға өскен. Анализдер — 7 пайызға, соның ішінде: қан тапсыру — 7,3 пайызға, несеп тапсыру — 7,8 пайызға, құрсақ қуысын ультрадыбыстық зерттеу 13,3 пайызға қымбаттаған.

2017 жылдың I жарты жылдығында денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтер көлемі 11,2 пайызға артып, 539,5 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2016 жылы — 485,1 млрд теңге болған. Денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің 56,1 пайызы немесе 302,77 млрд теңгесі ауруханалық мекемелерге тиесілі. 101,1 млрд теңге жалпы тәжірибелі дәрігерлердің, 29,91 млрд теңге — тар көлемді мамандардың, 13,41 млрд  теңге — стоматология саласының қызметін құрайды. Медициналық қызметтердің 80 пайызы бюджеттік қаржы, 14 пайызы — қазақстандықтардың өз қаржысы есебінен және 6 пайызы кәсіпорын есебінен көрсетілген.

Сонымен қатар, қызметтер көлемі мен әлеуметтік сервистер ұсыну 566,48 млрд теңгені құраған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға көп. Сектордағы қызметтердің 42 пайызы республикалық медициналық мекемелер саны көп шоғырланған Алматы мен Астана және Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Айгүл Хожантаева