Бүгінгі таңда жел энергиясы балама энергия көздерінің арасында алдыңғы қатарда, бірақ дәстүрлі энерготасымалдаушылармен бәсекеге түсетіндей, әзірше, мықты емес. Бұған қоса, ақпараттың жетіспеушілігі және қоғамның экологиялық жарқын болашақты ойлағысы келмейтіндігі білінеді. Қазақстандағы жел энергетикасы әлемдік үдерістің бір бөлшегі болғандықтан 7kun.kz осыншама өзекті тақырыпты елемей өте алмады. Назарларыңызға жел энергиясына, оның Қазақстандағы келешегіне қатысты қызықты мағлұматтар жинақталған дүниені ұсынамыз.
Жел энергиясы
Техникалық, физикалық, аэродинамикалық аспектілерді қозғап, мәселені күрделендірмей-ақ қояйық. Қарапайым тілмен айтқанда балама энергия көздері бізге электр қуатын не болмаса энергияның басқа түрін (механикалық, жылулық) алу үшін қажет. Жел энергиясын арнайы электр генераторлардың, диірмендердің көмегімен түрлендіру арқылы осындай қуат түрін алуға болады.
Жел энергиясы әлемде
2015 жылдың басындағы деректер бойынша барлық жел генераторларының қуаты - 369 гигаватт.
2010 жылы әлемнің барлық жел генераторларымен өндірілген электр энергиясының мөлшері - 430 терраватт-сағат (жер шары өндірген электр қуатының 2,5%-ы).
Кей елдер жел энергетикасына ерекше белсенділікпен дамытуда, атап айтқанда Дания жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40%-ын өндіреді; Португалия - 23%; Испания - 16%; Ирландия - 14%; Германия - 8%. Ал Қазақстанда - 0,5%.
2014 жылдың желтоқсанында Шотландияда жел энергетикасы үй шаруашылықтары тұтынатын электр қуатының 164%-ын қамтамасыз етті.
2009 жылдың мамырында әлемнің 80 елі жел энергетикасын коммерциялық мақсатта қолдана бастады.
2010 жылғы деректер бойынша Еуропада жел электр станцияларының 44%-ы шоғырланған, Азияда - 31%, Солтүстік Америкада - 22%.
Жел энергиясының артықшылықтары мен кемшіліктері
Бір де бір ғылым саласы, өндіріс, мамандық тек жағымды немесе тек қана жағымсыз факторлардан тұрмайды. Әдетте әр заттың жақсы-жаман тұстары болады. Ендеше, жел энергиясының плюс-минустарын қарастыра кетейік.
Артықшылықтары:
- Шикізатты сатып алу-тасымалдаудың, қалдықтарды шығарудың қажеті жоқ;
- Электр қуатын беруші компаниялардан дербестік қамтамасыз етілген;
- Ластаушы қалдықтар жоқ;
- Табиғи ресурстар үнемделеді;
- Отын, электр қуатының шығындары қысқарады;
- Атмосфералық жылулық балансқа әсер етпейді;
- Табиғаттың оттек қорын сақтайды;
- Желдің кинетикалық энергиясын электр қуатына тегін айналдырады.
Кемшіліктері:
- Жел қондырғыларының жұмысы эфир кедергілерін тудырады;
- Пайда болатын шу адамның және жануарлар әлемінің денсаулығына кері әсерін тигізеді;
- Жұмыстың тұрақсыздығы, энергияның берілуі бір қалыпты емес;
- Үлкен аумақты қажет етеді;
- Қымбат.
Жел энергиясы Қазақстанда
Қазақстанның жел энергетикасын дамыту әлеуеті өте жоғары. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламсының ұсынған мәліметтеріне жүгінсек, еліміздің потенциалы мыңдаған МВт немесе жылына 1 триллион кВт-сағ көлемінде - бұл дүние жүзі бойынша үздік көрсеткіштердің бірі.
Қазақстанда өте қолайлы жел дәліздері бар: жел бір бағытта соғатын аймақтар (Ерейментау, Жүзімдік) және қарама-қарсы бағыттарда алмасып отыратын аймақтар (Жоңғар қақпасы, Шелек, Қордай).
Төмендегі кестеде Қазақстанның жел энергетикасы үшін ең қолайлы жерлерінің сипаттамалық көрсеткіштері келтірілген:
Қазақстанның электр станцияларының белгіленген жалпы қуаты 18,993 ГВт, қолданыстағы қуаты - 14,558 ГВт. Салыстыру үшін басқа елдердің электр станцияларының белгіленген қуатын атап өтейік: Ресей - 218 ГВт; ҚХР - 900 ГВт; ЕО, Орталық және Шығыс Еуропа - 900 ГВт.
ЕО-ның белгіленген жел энергетикасының қуаты - 100 ГВт.
Жел энергетикасы қуаттарының жалпы потенциалы 659 ГВт болуы мүмкін, бұл қазіргі белгіленген қуаттан 35 есе артық. Ал Қазақстанның бірнеше әлеуетті жел аумақтарының электр энергиясын өндіру көлемі жылына 2,1735 триллион кВт-сағ болуы мүмкін, бұл Қазақстанның жалпы электр энергия өндірісінен (2011 жылы - 86,2 млрд кВт-сағ) 25 есе асып түседі.
Осыдан-ақ қазақстандық балама энергия көздерінің, атап айтқанда жел энергиясының әлеуеті үлкен, инвестициялық сыйымдылығы мен тартымдылығы жоғары екендігін байқауға болады.
Жел энергетикасына қатысты елеулі оқиғалар
- 2015 жыл, қаңтар. Қазақстан IRENA (Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттік) Ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.
- 2015 жыл, қаңтар. "KAZENERGY" қауымдастығы мен IRENA агенттігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың басты мақсаты - Қазақстанды "Болашақ энергиясы" тақырыбындағы EXPO 2017-ні өткізуге дайындау мәселелеріне қатысты ынтымақтастықтың аясын қамтамасыз ету.
- 2014 жыл, маусым. Қазақстан үкіметі балама энергия көздерінің тарифтерін бекітті. Әр энергияның түрі бойынша тарифтер келесідей (1 кВт-сағ үшін): жел электр станциялары - 22,68 теңге; күн электр станциялары - 34,61 теңге; шағын су электр станциялары - 16,71 теңге; биогаз қондырғылары - 32,23 теңге. Бұл тарифтердің әрекет ету мерзімі - 15 жыл.
- 2017 жылға дейін Ерейментау жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы аяқталады. Құны: 130 млн доллар. Қуаты: 45 МВт (300 МВт дейін кеңейтілмек). Өндірілетін энергия көлемі: 172 млн кВт-сағ. EXPO 2017 көрмесінің нысандарын осы Ерейментау ЖЭС-ы өндіретін электр қуатымен жабдықтау жоспарланып отыр.
- Қостанай облысының Арқалық қаласында 2016 жылы жел электр станциясы салынып бітеді. Құны: 14,7 млрд теңге. Жел паркінің қуаты: 48 МВт. Электр энергиясының жылдық өнімділігі: 131 млн кВт-сағ.
Қызықты деректер:
- Алғашқы жел фермасы 1980 жылы АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Нью-Гемпшир қаласында пайда болды.
- Ең ірі электр станциясы АҚШ-тың Техас штатындағы Роско қаласында орналасқан. Жел паркінің қуаты 781 МВт.
- Ең ірі жел генераторы 2002 жылы Германияда жасалынған. Оның қуаты 4,5 МВт. Үш қалақты. Әр қалақтың ұзындың 52 м, ені 6 м, салмағы 20 тонна. Роторы 120 м мұнараға бекітіледі.
- Эйфель мұнарасына реконструкция жасау жоспарына сәйкес онда екі жел турбинасы орнатылды.
- Францияның инженерлер тобы Wind Tree атты ағаш түріндегі жел генераторын жасап шығарды. Құрылғының жапырақ түріндегі пластиналары желдің бағытына қарай орнын ауыстырып тұрады.
- Ресейдің жел энергетикасы бір жылда өндіретін энергия көлемін қытайлық жел агрегаттары 2 сағатта өндіріп шығарады.
- Google 2015 жылы ұшатын электр станцияларын шығармақ. Мұндай станцияның басты артықшылығы ол әдеттегі жел станциялары секілді жерді қажет етпейді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024