Қазақстанда баспана мәселесімен көбінесе әйелдер айналысады

382
Фото:Forbes.kz

Алматы. 16 ақпан. 7kun.kz — Қазақстанда баспана нысандарын бастапқы іздеумен және таңдаумен, әсіресе, интернетте, көп жағдайда әйелдер айналысады. Homsters.kz сарапшылары өз мәліметтер базасы негізінде республикамыздың жаңа үйлерінен баспана сатып алушының портретін жасап шыққан. 

 Мамандар сатып алушылардың 47 мыңнан астам жеке белсенді профилінен тұратын мәліметтер базасына талдау жасап, онлайн-сервис қолданушыларының 67%-ға жуығы әйелдер екенін анықтады.

«Ер адам әдетте баспана сатып алу процесінің келесі – таңдалған нұсқаларды қарау мен келісім жасау кезеңдеріне араласады. Біздің тәжірибемізге қарағанда, бұл үрдіс Қазақстанға ғана емес, басқа да посткеңестік елдерге, соның ішінде Украина мен Ресейге де тән», — дейді Homsters.kz басқарушы серіктесі Мария Рен.

Баспана сатып алушылардың 45%-ға жуығы 25-тен 34 жасқа дейінгі топқа және тағы 20%-ға жуығы 35-тен 44 жасқа дейінгі топқа жатады. 18 бен 24 және 45 пен 54 жас аралығындағы екі санаттың әрқайсысы шамамен 12%-дай болады. «24 жасқа дейінгі жастардың баспана сатып алуға қаражаты болмайтыны сөзсіз, сондықтан бұл жерде біз ата-анасы сатып алып беретін пәтерді өз бетімен іздейтін жастар туралы айтып отырмыз. Ал 25 пен 34 жас аралығындағы топ – перспективалы сегмент, өздеріне баспана сатып алуды ойлайтын жас отбасылар, орта санат өкілдері», — деп түсіндіреді Мария Рен. Баспана алуға 65-тен жоғары жастағылар өте аз ниет білдіреді. Олардың үлесі – 2% ғана.

Жылжымайтын мүлік сатып алуға салынатын сұраулардың 95%-ы Астана мен Алматының тұрғын үй кешендеріне қатысты. «Бұл таңданатын жайт емес, өйткені осы екі бас қалада инфрақұрылым мейлінше жақсы дамыған және олар ішкі миграцияның тартылыс орталығы болып отыр», — дейді Мария Рен.

Бұл екі қаланың өз ішіндегі сұраныс төмендегідей. Астананың жұрт ең көп қызығатын ауданы – Есіл – салынған сұраулардың 68%-ы осында шоғырланған. Тағы 23%-ы Алматы ауданына тиесілі. Астанадағы сатып алушылар арасында көп сұранысқа ие үштікке Сарыарқа ауданы да кіреді, сатып алушылардың 9%-ы баспананы осы ауданнан іздейді.

Алматыда баспана сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие аудан – Медеу (сұранымдардың 34%-ы). Одан кейінгі орындарда – Бостандық (19%), Әуезов (15%) және Алмалы (13%)

Homsters.kz қолданушылары үш бөлмелі пәтерлерге көп сұраныс білдіреді – нақты сатып алушылардан келген сұранымдардың 31%-ы осы туралы. Екі бөлмелі пәтерлер жайындағы сұраныстардың үлесі – 29%, бір бөлмелі пәтерлерге қатысты сұранымдар – 21%, 4 және одан да көп бөлмелі пәтерлер туралы сұранымдардың үлесі – 19%.

Пәтер сатып алушылардың 43%-дан астамының 17-20 млн. теңге көлеміндегі бюджеті бар. Ал баспананың ең көп сұранысқа ие санаты – шаршы метрі 300-340 мың теңгеге бағаланатын «Комфорт» (ІІІ санат). Яғни мұндай бюджетпен ауданы 50-60 шаршы метр пәтер сатып алуға болады.

Комфорт санатындағы баспанаға деген сұраныс пен оның бағасына қатысты мәліметтердің тұтас алғанда Астана мен Алматыдағы жаңа баспаналардың 2016 жылы тіркелген орташа бағасы деңгейіне сәйкес келетінін ерекше атап өту қажет. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанның екі бас қаласындағы жаңа баспаналардың орташа бағасы шаршы метріне 300-340 мың теңге дәлізінде болды.

Өткен жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты келісімдердің саны, Статистика комитетінің мәліметінше, 15%-ға артқанын да айта кету керек. Бірақ шаршы метрлердің бағасы 2015 жылмен салыстырғанда 4%-ға ғана төмендеген.