Қазақстандағы шетелдік жұмысшылар саны бірнеше есе көбеюі мүмкін

Қазақстандағы шетелдік жұмысшылар саны бірнеше есе көбеюі мүмкін. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың мәлімдеуінше, бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына байланысты деп жазады LS.

«ДСҰ талабы бойынша, екінші және үшінші категориядағы (құрылымды бөлімшелердің басшылары мен мамандар) шетелдік мамандар санын 50 пайызға дейін ұлғайтамыз, ал бірінші категория бойынша (бірінші басшылар мен орынбасарлары) шектеулер алынатын болады», — деп түсіндірді ол Астанадағы брифингте. Әзірге қазіргі заңнама бірінші және екінші категорияда 70 пайыз жергілікті мамандар, ал үшінші категорияда 90 пайыздан кем болмауын міндеттейді.

Вице-министрдің атап өтуінше, шетелдік жұмыс күшін тартатын жүйе қағазбастыланып кеткен. Күрделі процедуралар, көптеген құжаттар, адами фактор және жемқорлық. Осыған байланысты ведомства квотаны жұмыс саласына байланысты анықтауды ұсынады. Сондай-ақ рұқсат беру принципі де өзгермек «Біз рұқсатты ақылы түрде беруді енгізгіміз келеді. Маман тартқаны үшін жұмыс беруші бюджетке қаржы төлеуі қажет.  Базалы мөлшерлеме ретінде біз техникалық-кәсіби білім беру жүйесінде бір маманды оқытуға кеткен қаржы мөлшерін алып отырмыз. Бұл 360 мың теңгені құрайды», — деп атап өтті ол.

Егер жұмыс беруші отандық кадрлар жеткілікті салаға маман тартса, мөлшерлеме өсе түседі. Егер шетелдік қызметкерлерді тартуға мүдделі болса төмендейді. Шетелдіктер үшін рұқсат ХҚО арқылы алынады.

Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 144 елден 38 мың шетелдік қызметкер жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы — жоғары білікті мамандар, топ-менеджмент, орта буын басшылары. 37 пайызын маусымды жұмысшылар құрайды. Шақырылғандардың басым көпшілігі құрыс саласына тартылған.